Брифингте Шымкент қаласының әкімі осы бағыттағы бірқатар ірі инвестициялық жобаларды атап өтті. Атап айтқанда, «Alsera KZ» компаниясы жалпы құны 322 млрд теңгені құрайтын, аумағы 650 гектар болатын заманауи жылыжай кешенінің құрылысын жүзеге асыруда. Жақында жоба аясындағы құны 98 млрд теңгелік бірінші кезеңнің құрылысы аяқталып, 42 гектар жылыжайдан алғашқы өнім алынған.
Шымкент қаласына инвестиция тарту динамикасы тұрақты өсім көрсетіп келеді. Соңғы үш жыл ішінде қала экономикасына 2 трлн теңгеден астам қаржы бағытталған, оның 75 пайызы жеке инвесторлар үлесіне тиесілі. Орташа жылдық өсім 11 пайызды құрады.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мәлімдеді.
Қала әкімнің айтуынша, өңір экономикасын тұрақты дамыту мақсатында алдағы бес жылда инвестиция көлемін 6,6 трлн теңгеге жеткізу жоспарланған.
«Инвестиция – қаланың экономикалық тәуелсіздігін айқындайтын негізгі күш. Біз бизнес үшін ашық және тұрақты орта қалыптастырып келеміз. Соның нәтижесінде тартылған қаржының 75 пайызы жеке инвесторлардың үлесіне тиіп отыр. Бұл – Шымкенттің инвесторлар үшін сенімді аймаққа айналғанының айқын дәлелі. Қазіргі таңда жалпы құны 4,6 трлн теңгені құрайтын 221 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Аталған жобалар аясында 29 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Брифингте Шымкент қаласының әкімі осы бағыттағы бірқатар ірі инвестициялық жобаларды атап өтті. Атап айтқанда, «Alsera KZ» компаниясы жалпы құны 322 млрд теңгені құрайтын, аумағы 650 гектар болатын заманауи жылыжай кешенінің құрылысын жүзеге асыруда. Жақында жоба аясындағы құны 98 млрд теңгелік бірінші кезеңнің құрылысы аяқталып, 42 гектар жылыжайдан алғашқы өнім алынған.
Сол сияқты, Польшалық «Fabe Agro» компаниясы 68 млрд теңге көлемінде инвестиция құю арқылы жоғары технологиялы жылыжай кешенін салуда. Жобаға 144 гектар жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Жылына 36 мың тонна қызанақ пен қияр өндіру жоспарланып, 800-ден астам адам жұмыспен қамтылады.
Сонымен қатар, Түркияның «YDA Group» компаниясымен 313 млрд теңгеге өндірістік технологиялық материалдар шығаратын кәсіпорын ашу көзедлген болса, отандық «INTERTRANS» компаниясы мұнай өнімдерінен ұнтақталған полипропилен өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр. Жобаның құны – 80 млрд теңге.


