Іс-шарада төрт боксшының әрбіріне қаржылай сертификат және партия филиалының «Алғыс хаты» табыс етілді.
AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалында Ливерпуль қаласында өткен бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау іс-шарасы өтті.
Партия филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев әлем чемпиондары Махмұд және Төрехан Сабырхан, Санжар Ташкенбай, Айбек Оралбайды жеңісімен құттықтап, қаржылай сый-сыяпаттарын табыс етті.
Мұрат Жаңабайұлы боксшылардың керемет жеңісі жастарға зор серпін бергенін атап өтті.
– Ұлыбритания елінде спортшыларымыз еліміздің Әнұранын шырқатып, жарқын жеңіске жетті. Жастар сіздерге қарап үлгі алады. AMANAT партиясы дарынды азаматтарды әрдайым қолдайды. Партия филиалы да қалыс қалмай, өздеріңізді марапаттауға арнайы шақырдық. Алда Азия ойындары, Олимпиада ойындары келе жатыр. Ол сындарда да сіздер еліміздің туын жоғарыда желбіретеді деген сенімдемін. Алдағы жауапты бәсекелерде сәттілік тілеймін, – деді партия филиалының төрағасы.
Іс-шарада төрт боксшының әрбіріне қаржылай сертификат және партия филиалының «Алғыс хаты» табыс етілді. Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Оспан Даниярұлы да аталған қолдауға алғысын білдірді. Сонымен қатар, команда капитаны Айбек Оралбай бұл жеңіспен тоқтап қалмай, алдағы жарыстарға тыңғылықты дайындық жүргізетіндерін айтты.