Әлеуметтік қолдау саласындағы тағы бір жаңа бастама – әлеуметтік жағдайды бағалаудың баллдық үлгісін енгізу. Аталған әдіс Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында пилоттық жоба ретінде қолға алынды.
Президент өз Жолдауларында бірнеше мәрте атап өткендей, әлеуметтік қолдау жүйесі барынша әділ болуы тиіс және ол ең алдымен шын мәнінде мұқтаж жандарға ғана бағытталуы қажет. Бұл қағидат қазіргі таңда елдің барлық аймақтарында жүзеге асырылып келеді. Шымкент қаласы да осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп, атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіруде.
Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек брифингте айтты.
2025 жылы қалада әлеуметтік қолдауға 7,5 млрд теңге қарастырылып, бұл қаражат 4 684 отбасыны қамтыды. Жалпы алғанда 24 628 адам мемлекет тарапынан түрлі деңгейде көмек алды. Оның ішінде аз қамтылған, көпбалалы, табысы төмен отбасылардың күнкөрісіне қолдау көрсетілді. Бұған қоса, 1 жастан 6 жасқа дейінгі 4 242 балаға қосымша төлемдер тағайындалды. Бұл шаралар балалардың дұрыс тамақтануы мен сапалы дамуына жағдай жасауға бағытталған.
Маңыздысы – әлеуметтік көмекті алушылардың саны 2024 жылмен салыстырғанда 40 пайызға азайды. Бұл көрсеткіш қала халқының табысы артып келе жатқанын, көптеген отбасылардың өз жағдайын жақсартып, мемлекеттік жәрдемақыға тәуелділігінің азайғанын көрсетеді. Яғни, әлеуметтік көмек тек шын мәнінде қажеттілікті сезінгендерге бағытталып, әділдік қағидаты жүзеге асып жатыр.
Сондай-ақ, цифрландыру тетіктері белсенді енгізілуде. «FSM Social» атты арнайы мобильді қосымша арқылы тұрғындар өтініштерін онлайн форматта бере алады. Бұл тәсіл азаматтардың уақытын үнемдеп қана қоймай, қағазбастылықты азайтты, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге де ықпал етті. Себебі өтініш беру, қарау және шешім қабылдау процесі ашық әрі цифрлы жүйеге негізделген.
Әлеуметтік қолдау саласындағы тағы бір жаңа бастама – әлеуметтік жағдайды бағалаудың баллдық үлгісін енгізу. Аталған әдіс Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында пилоттық жоба ретінде қолға алынды. Жаңа жүйе 23 түрлі критерий бойынша азаматтардың әлеуметтік жағдайын бағалауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде көмек шын мәнінде табысы төмен, әл-ауқаты нашар отбасыларға ғана беріледі. Бұл әлеуметтік әділдікті арттырып қана қоймай, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына да жол ашады.
Қорыта айтқанда, Шымкент қаласында әлеуметтік қолдау жүйесі жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Қаржылай көмекпен қатар цифрландыру, әділ бағалау және ашықтық қағидаттары енгізілуде. Мұның бәрі Президент тапсырмаларына сәйкес әлеуметтік саясаттың негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыруға, мұқтаж азаматтарға дер кезінде көмек көрсетуге бағытталғанын дәлелдейді.