Мамандар жаңа енгізілген пилоттық жобаның цифрлық платформа арқылы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл жоба білім беру, әлеуметтік қорғау, тұрғын үй және спорт салаларында көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Шымкент қаласында әлеуметтік қолдауға бағытталған жаңа мүмкіндіктер таныстырылды.
«Отбасын қолдау орталығы» КММ-де өткен жиынға Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының әлеуметтік көмек тағайындау және төлемдерін жүргізу бөлімінің басшысы Н.Б.Байсан, мүгедектігі бар азаматтармен және ардагерлермен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас маманы Г.И.Нұржанова, Ауған соғысы ардагері Ғ.Орынбаев пен Ішкі істер департаментінің қызметкерлері қатысты.
Іс-шара барысында халыққа мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау тетіктері түсіндірілді. Мамандар жаңа енгізілген пилоттық жобаның цифрлық платформа арқылы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл жоба білім беру, әлеуметтік қорғау, тұрғын үй және спорт салаларында көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Жиында 15 азаматқа жүйенің қалай жұмыс істейтіні нақты түсіндірілді. Мамандардың айтуынша, жаңа скорингтік модель отбасылардың әл-ауқатын 23 әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш негізінде бағалап, 6 санатқа бөледі. Қажетті қолдау түрлері цифрлық платформа арқылы автоматты түрде тағайындалатын болады.
Мемлекеттік жәрдемақылар бұрынғысынша сақталады. Ал қосымша көмектер – тегін тамақ, жатақхана, емдеу, тұрғын үй көмегі – жергілікті бюджет есебінен тек нақты мұқтаж отбасыларға ұсынылады. Бағалау кезінде табыс деңгейі, мүлік пен көлік саны, несие, денсаулық жағдайы, мүгедектік, білім деңгейі және бейресми табыс ескеріледі.
Мәселен, отбасында екі үйі, екі көлігі бар, тіркелген заңды тұлғасы болса және табысы күнкөріс деңгейінен бірнеше есе жоғары болса, мұндай азаматтар қосымша көмектен шеттетіледі. Ал керісінше, 1–5 санаттағы отбасыларға қолдау автоматты түрде көрсетіледі.
Айта кетерлігі, жаңа модель 41 мемлекеттік жәрдемақыға әсер етпейді. Олардың төлемі бұрынғыдай жалғаса береді.
Жиын соңында тұрғындар мамандарға өз сауалдарын қойып, нақты әрі түсінікті жауап алды. Қатысушылар мұндай кездесулердің әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар үшін маңызды екенін атап өтті.