ШЫМКЕНТ: ​«Аntikor ortalyǵy» алаңында кәсіпкерлердің проблемалары талқыланды

0
796

Биыл шағын және орта бизнес жұмысына заңсыз араласудың 5 фактісі жойылған.


ШЫМКЕНТ: ​«Аntikor ortalyǵy» алаңында кәсіпкерлердің проблемалары талқыланды

Шымкент қаласындағы «Аntikor ortalyǵy» алаңында кәсіпкерлердің проблемалары талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған іс-шараға Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров, Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Шаттық Өтеев, кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Қайрат Молдасеитов, кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрағасы Мелес Сейтжанов, қалалық кәсіпкерлер палатасы мен Департамент өкілдері қатысты.
Қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Шаттық Өтеев Департаменттің өңірдегі бизнесті қорғау бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы айтты.
«Биыл шағын және орта бизнес жұмысына заңсыз араласудың 5 фактісі жойылып, бизнес субъектілерінен 450-ден астам өтініш қаралды, кәсіпкерлер арасында 80 алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылды», - деп атап өтті.
Бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов «Іскерлік ахуал-2021» тәуелсіз рейтингінің қорытындысына сәйкес, кәсіпкерлердің бағалауы бойынша Шымкент қаласы көшбасшы екендігін атап өтті.
Алайда, Шымкенттен ҚТЖ жұмысына атап айтқанда, локомотивтердің жоқтығына, вагон ағындарының дұрыс бағытталмауына және астық тасымалдаушылардың жетіспеушілігіне шағымдар келіп түсетінін айтты.
Сондай-ақ, кәсіпкерлер ҚҚС-тан асып кетуді қайтару және салық органдары тарапынан жанармай құю станцияларын тексерудің түрлі себептері, жалпы салық салу мәселелері бойынша жүгінетіндігіне тоқталды.
Сонымен қатар, субсидияларға салық салу, ішкі нарықты қорғау үшін демпингке қарсы шараларының қажеттілігі мәселелері талқыланды.
«Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің өңірлік картасында бекітілген белгіленген салаларда алдын алу және жедел-тергеу блогы арқылы сыбайлас жемқорлық үшін жағдайлар жойылуда», - деп қорытындылады Шаттық Өтеев.
Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1424 Call-орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Осы нөмірге қоңырау шалу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру жағдайлары туралы ақпаратты сеніп қалдыруға немесе кеңес алуға болады.