Шара соңында белсенділік танытқан әскери қызметшілердің отбасына, сайыста жеңімпаз болғандарға және балаларға бөлім командирінің арнайы дипломдары мен сыйлықтар табысталды.
Шымкенттегі 6698 әскери бөлімінде Отбасы күні мерекесіне байланысты әскери қызметшілердің отбасына арнайы мәдени-демалыс шарасы ұйымдастырылды.
Мәдени-демалыс шарасы табиғаттың ортасында Шымқаладағы Дендросаябағында өтті. Жауынгерлеріміздің жанұялары үшін ұйымдастырылған шараға бөлім басшылығы мен барлық әскери қызметшілер ұл-қыздарымен, ата-аналарымен, бауырларымен келді.
Алдымен бөлім командирі подполковник Нұрлан Сакибеков барлық әскери қызметшілердің отбасын мерекемен құттықтап, әрбір әскери қызметшінің жауынгерлік ортада, әскери қызметте үздік, қырағы қызмет атқаруына алдымен отбасындағы ананың, әйелдің ықпалы, көмегі зор екенін айтып оларға үлкен алғыс білдірді.
Отбасындағы татулық пен бірлікті дәріптеуге арналған мәдени шарада әскери қызметшілердің жанұялары арасында спорттық, отбасылық сурет салудан жарыс ұйымдастырылды, өнерлі балалар тақпақ, ән айтып мәз-мейрам болысты.
Шара соңында белсенділік танытқан әскери қызметшілердің отбасына, сайыста жеңімпаз болғандарға және балаларға бөлім командирінің арнайы дипломдары мен сыйлықтар табысталды. Табиғат аясындағы тамаша мерекеге куә болған әскери қызметшілеріміздің отбасы бөлім басшылығына алғыстарын жаудырды. Мәдени демалыс шарасы табиғат аясындағы балаларға арналған мерекелік дастарханмен аяқталды. Айта кетейік бұл игі дәстүр әскери бөлімде жыл сайын жалғасын таппақ.
Отбасы күні – жанұялық құндылықтарды дәріптейтін маңызды мереке. Бұл күн отбасының қоғамдағы рөлін күшейту, ұрпақтар арасындағы байланыс пен сүйіспеншілікті нығайту мақсатында атап өтіледі. Отбасы – тәрбиенің қайнар көзі, мейірім мен қолдаудың негізі. Бұл мереке адамдарға жақындарын бағалауды, бірге уақыт өткізудің маңыздылығын еске салады. Отбасы күні – ата-ана, балалар және барлық туыстар арасындағы қарым-қатынасты бекемдейтін мереке.