​Шымкент авиациялық базасының әскери қызметшілері әскери бөлімнің 75 жылдық мерейтойын атап өтті

0
90

Әскери бөлімнің тарихы өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастау алады.


​Шымкент авиациялық базасының әскери қызметшілері әскери бөлімнің 75 жылдық мерейтойын атап өтті

Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері авиациялық базасының құрылғанына 75 жыл толуына арналған салтанатты іс-шаралар өтті.

Мерекелік шараларға Әуе қорғанысы күштері, Әскери-әуе күштерінің басшылығы, гарнизонның әскери бөлімдерінің командирлері, осы бөлімде қызмет атқарған немесе оған басшылық еткен Қарулы Күштердің ардагерлері, әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері қатысты.

Дәстүрге сай мерекелік іс-шара әскери бөлімнің Жауынгерлік Туын алып шығумен және жеке құрамның салтанатты сапқа тұруымен басталды. Авиациялық база командирі, полковник Нұрболат Жауынбеков әскери қызметшілер мен қонақтарды әскери бөлімнің мерейтойымен құттықтап, бірнеше буын әскери ұшқыштарының еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Іс-шара барысында үздік әскери қызметшілерге кезекті әскери атақтар беріліп, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыс етілді.
— 75 жыл ішінде авиациялық базаның әскери қызметшілері кәсіби шеберлігі мен әскери антқа адалдығын талай мәрте дәлелдеді. Бүгінде сіздер аға буын қалыптастырған жауынгерлік дәстүрді лайықты жалғастырып, еліміздің әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында абыроймен қызмет атқарып келесіздер. Баршаңызға зор денсаулық, ашық аспан, отбастарыңызға амандық және қызметтеріңізге толағай табыс тілеймін, — деді авиациялық база командирі полковник Нұрболат Жауынбеков.
Мерекелік бағдарлама аясында әскери бөлім аумағында авиациялық техникалар көрмесі ұйымдастырылып, қонақтар әскери бөлімнің қару-жарағы мен авиациялық техникасының үлгілерімен танысты.
Бағдарламадағы ерекше орын естелік шараларға берілді. Әскери қызметшілер, ардагерлер және қонақтар Абай саябағындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жылдарында эвакуация кезінде Шымкентте жұмыс істеген Чугуев әскери авиация ұшқыштар мектебі түлектеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Қатысушылар Отан қорғау жолында ерлік көрсеткен әскери ұшқыштарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Мерейтойлық іс-шаралар «Түркістан сарайында» өткен мерекелік концертпен қорытындыланды. Концерт барысында өмірін әскери авиацияға арнаған ардагерлерге және бүгінгі таңда Қазақстанның әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілерге алғыс сөздер айтылды.
Әскери бөлімнің тарихы өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастау алады. Сол кезеңде жеке барлау авиациялық полкі құрылып, кейінгі онжылдықтарда бөлім бірнеше қайта ұйымдастыру кезеңінен өтті. Әртүрлі жауынгерлік міндеттерді орындаған авиациялық бөлім бүгінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің негізгі авиациялық құрамаларының бірі ретінде еліміздің оңтүстік шекарасының әуе кеңістігін қорғау міндетін абыроймен атқарып келеді.
Бөлісу