Ерлан Айтаханов тұрғындардың әрқайсысы үшін елдің заңнамалық актілерінің талаптарына сәйкес нақты шаралар қабылданатынын айтты.
Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов бүгін азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласы әкімінің қабылдауына келген қала тұрғындары кездесу барысында өздерін толғандырған мәселелерін жеткізіп, дені жұмыссыздықты алға тартса, бірқатары коммуналдық қызметтердің сапасы мен қоғамдық көлік мәселесін жолға қою, тұрғын үй және мемлекеттік әлеуметтік қолдау шараларын тағайындау мәселелерімен жүгінген. Сондай-ақ, мегаполисті дамыту бағытында өз ұсыныстарын айтқан тұрғындар да болған.
Өз кезегінде, қала басшысы тұрғындарды толғандыратын мәселелер мен ұсыныстарын мұқият тыңдап, азаматтардың өтініштері бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданатынын түсіндірді. Ал, жұмыссыздық мәселесі бойынша жауапты тұлғаларға халықты нәтижелі жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді және тұрғындарға атаулы әлеуметтік көмектің жай-жапсарын түсіндірді.
Сонымен қатар, Ерлан Қуанышұлы қабылдау кезінде айтылған азаматтардың мәселелерін шешу оның жеке бақылауында болатындығын және олардың әрқайсысы үшін елдің заңнамалық актілерінің талаптарына сәйкес нақты шаралар қабылданатынын айтты.