ШЫМКЕНТ: Бас дәрігер жедел жәрдемнің неге кешігетінін түсіндірді

0
1 227

Үшінші мегаполисте 15 медициналық-санитарлық алғашқы көмек бөлімшесі қызмет атқарады.


ШЫМКЕНТ: Бас дәрігер жедел жәрдемнің неге кешігетінін түсіндірді

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының жедел жәрдем қызметі 9 бекет пен 7 филиалға біріктірілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласында жедел медициналық көмектің халыққа қолжетімділігін және стандарттарға сәйкес 1-3 жеделдік санаттарына уақытылы жетуін қамтамасыз ету үшін 15 медициналық-санитарлық алғашқы көмек бөлімшесі ашылған. Олар қаладағы Тельман, Тоғыс, Тассай, Жаңа Талап, Ақжар, Қайтпас-1 сынды шет аудандарында орналасқан.

Сонымен қатар, қазіргі таңда шаһардағы барлық емхана және ауруханалармен біріктірілген бірыңғай байланыс «CALL-орталығы» жұмыс жасап жатыр. Тиісінше, Шымкент қаласында жедел медициналық жәрдем көрсетілетін тұрғындардың саны 1 039 261 адамды құрап, қызмет көрсету радиусы 30 шақырымға дейін жеткен.

Бұл туралы Шымкент қаласы жедел жәрдем көрсету станциясының бас дәрігері Гүлнәр Құрманбекова мәлімдеді. Одан бөлек, бас дәрігер тұрғындардың шақыртуына жедел медициналық көмек қызметкерлері кейде кешігіп жететінін айтып, себебін түсіндірді.

«Кейбір адамдар кешігіп жатсақ, бірден айқайлап шығады. Дегенмен, оның да себептері бар. Мысалыға, көптеген қоңыраулар кешкі уақытта түседі. Ал, біздің уақытында жетуімізге қаладағы көлік кептелісі, жол бермейтін жүргізушілер кедергі келтіреді. Сонымен қатар, жедел медициналық көмек қызметіне келген шақыртулар пациенттің жағдайына қарай бірнеше санаттарға бөлінетінін ескерсе екен дейміз»,- деді Гүлнәр Құрманбекова.


Айта кетейік жедел жәрдем қызметіне қабылданған шақыртулар төрт санатқа бөлінеді:

  • 1-жеделділік санатындағы шақырту – өміріне тікелей қауіп төндіретін, жедел медициналық көмек көрсетуді қажет ететін пациентке жету уақыты – 10 минутқа дейін;
  • 2-жеделділік санатындағы шақырту – өміріне медициналық көмек көрсетусіз әлеуетті қауіп төндіретін пациентке жету уақыты – 15 минутқа дейін;
  • 3-жеделділік санатындағы шақырту – денсаулығына медициналық көмек көрсетусіз әлеуетті қауіп төндіретін пациентке жету уақыты – 30 минутқа дейін;
  • 4-жеделділік санатындағы шақырту – жіті ауруынан немесе созылмалы ауруының асқынуынан туындаған, ағзалар мен жүйелердің кенеттен болған және айқын көрінетін бұзылуларынсыз пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және әлеуетті қауіп төндірмейтін пациентке жету уақыты – 60 минутқа дейін.