Шымкенттегі Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназияда білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және оның алдын алу мәселелеріне арналған кең ауқымды жиын өтті.
Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Сүлейменов қатысты.
Кездесу барысында білім беру саласындағы қаржылық құқықбұзушылықтар, олардың себептері мен салдары кеңінен талқыланды.
Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова білім беру саласындағы өзекті мәселелерді көтерді. Барлық білім беру ұйымдарының басшыларына қаржылық тәртіпті сақтау мен ашықтықты қамтамасыз етудің басты міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ, білім саласындағы тәуекелдерге тоқталып, оларды болдырмау жолдарына назар аударды.
Антикордың анықтаған деректеріне сәйкес, кейбір білім беру мекемелерінде бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану, оның ішінде жұмыс істемейтін тұлғаларға жалақы төлеу және жекелеген қызметкерлердің еңбекақысын заңсыз арттыру фактілері тіркелген.
Осы тәрізді құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірлескен іс-қимыл жоспарын жүзеге асыруда.