Осы жылдың 15 - қыркүйегінен 15 - қарашаға дейін Республикамызда жыл сайынғы емханаға тіркелу науқаны өткізілді.
Биыл Шымкентте емханаға 1 млн 120 мыңнан аса
тұлға тіркелді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Осы жылдың 15 – қыркүйегінен 15 - қарашаға дейін Республикамызда жыл сайынғы емханаға тіркелу науқаны өткізілді. Оның аясында әрбір Қазақстандық және ел аумағында тұратын шетелдік азаматтар емхананы өз бетінше таңдау құқығын пайдаланды.
Шымкент қалалық электрондық денсаулық сақтау орталығының мәліметтеріне сәйкес, емхананы еркін таңдау барысында 1 120 324 тұлға 44 емханаға тіркелген.
Бекіту науқаны кезінде МСАК ұйымына бекітілген тұлғалар қормен қызметтерді сатып алу шартын жасаған соң келесі жылғы 1 қаңтардан бастап медициналық-санитариялық алғашқы көмек алады. Ал еркін таңдау құқығын пайдаланбаған адам бұрын қызмет көрсетілген МСАК ұйымына бекітілген болып қалады.
Сонымен қатар, қала, ауыл тұрғындары медициналық қызметтерді қашықтықтан ала алады. Қашықтықтан алатын медициналық қызмет түрлері:
- дәрігерге дейінгі медициналық көмек;
- Алғашқы медициналық-санитариялық көмек;
- мамандандырылған медициналық көмек;
- медициналық оңалту;
- паллиативтік медициналық көмек.
Айта кетейік, егер сіздің медициналық қызметтерді қашықтықтан алуға қатысты сұрақтарыңыз болса, онда сіз оларды учаскелік дәрігерге немесе өз емханаңыздағы пациенттерді қолдау қызметіне қоя аласыз. Қажетті ақпаратты алмаған жағдайда әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорына ресми сайт «fms.kz», байланыс орталығы «1406», Telegram, «Qoldau 24/7» және «SaqtandyryBot» мобильді қосымшасы арқылы өтініш беруге болады.