​ШЫМКЕНТ: Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ескі трансформаторлар жаңартылады

0
411

Компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қала әкімдігіне қарасты тозығы жеткен трансформаторларды ауыстырып, күрделі жөндеу жүргізу жұмысын өз міндетіне алып отыр.


​ШЫМКЕНТ: Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ескі трансформаторлар жаңартылады

Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Қазақстандағы және Орталық Азиядағы ең ірі электр компаниясы “Alageum Electric” директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясовпен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Кездесу барысында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Басты мақсат – Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін тұрақты әрі тиімді энергетикалық жүйе құру.


Мегаполис басшысы қалада халықты электр қуатымен қамту жұмыстарында қиындықтар бар екенін атап өтті. Әрі бұл мәселе тұрғындардың қолайлығы үшін маңызды рөл атқарады. Қала күн сайын өсіп, жаңа шағынаудандар мен әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатыр. Сәйкесінше электр желілеріне де жүктеме артып келеді. Бұған ескі трансформаторлардың қуаты жеткіліксіз, әсіресе жауын-шашын кезінде халықты әбігерге салады. Өйткені, трансформаторлардың басым бөлігі 1970 жылдары іске қосылған.

Компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қала әкімдігіне қарасты тозығы жеткен трансформаторларды ауыстырып, күрделі жөндеу жүргізу жұмысын өз міндетіне алып отыр. Бұдан бөлек, қаланы электр қуатымен қамтамасыз етуде негізгі артериялардың бірі саналатын «Бозарық» қосалқы станциясындағы трансформаторлар да жөндеуден өтеді.

Айта кетейік, ескі трансформаторларды ауыстыру қала тұрғындарына электр энергиясын жеткізу бойынша сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді, әрі авариялық апат қаупін азайтады.

Кездесу соңында мегаполис басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында бизнестің маңызды рөл атқаратынын айтып, компания басшылығына маңызды жобаларды жүзеге асырудағы белсенді ұстанымы үшін алғысын білдірді.