ШЫМКЕНТ: дәрігерлер салмағы 3 келі болатын миоманы алып тастады

0
62

Қазір науқастың жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында.


ШЫМКЕНТ: дәрігерлер салмағы 3 келі болатын миоманы алып тастады

көрнекілік сурет: ашық дереккөзден

Шымкенттік дәрігерлер 52 жастағы әйелге күрделі операция жасап, салмағы 3 келі болатын алып жатыр миомасын сәтті алып тастады.

Науқас медицина қызметкерлеріне ұзақ уақыт бойы мазалаған қан кету, іштің төменгі бөлігіндегі ауырсыну және жалпы әлсіздік белгілерімен жүгінген.

Дәрігерлердің айтуынша, бастапқыда консервативті ем жүргізілген. Алайда ол нәтиже бермеген соң, ота жасау туралы шешім қабылданған. Науқас алғашында операциядан қорыққанымен, аурудан айығудың тиімді жолы хирургиялық ем екенін түсініп, келісімін берген. Тексеру барысында жатырда бірнеше миоматозды түйін анықталған. Ісік көлемі шамамен 19 апталық жүктілікке сәйкес келіп, ең үлкен түйіннің өлшемі 12 сантиметрге жеткен. Сонымен қатар науқастың гемоглобин деңгейі төмендегені белгілі болды.
Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының дәрігерлері сәтті жасап шыққан лапаротомиялық әдіс операциясы жалпы наркозбен 1 сағат 20 минутқа созылған. Қазір науқастың жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында. Гинекология бөлімінің меңгерушісі Лейла Арысланованың айтуынша, бұл күрделі ота МӘМС жүйесі аясында тегін жасалған. Ал нарықтағы құны 1 миллион теңгеден асады.
Мамандар жатыр миомасы туралы маңызды ақпаратты да еске салады. Жатыр миомасы – қатерлі ісік емес. Ол көбіне репродуктивті жастағы, әсіресе 35 жастан асқан әйелдерде жиі кездесетін қатерсіз ісік. Дегенмен, миоманың көлемі ұлғайып, қан кету мен ауырсыну тудырса, міндетті түрде дәрігерге көрініп, дер кезінде ем қабылдау қажет.
Бөлісу