Шымкент әкімі: «Атқарылған жұмыстарды сөзбен емес, іспен көрсету керек».
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Шымкентте аппараттық жиын өтіп, көшелердің жағдайын тексеру барысында бірқатар кемшіліктер анықталғаны айтылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі аппараттық жиналыста айтты.
Атап айтсақ, аталған аппараттық жиында қаралған қала аумағындағы төтенше жағдайлардың алдын алу мәселесі бойынша Ерлан Қуанышұлы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы мен аудан әкімдеріне жауын-шашын маусымына дайындық жұмыстарын жүргізуді және ирригация желілерін тазарту жұмыстары мен су тартатын арнайы техникалардың дайындығын тексеруді жүктеді.
Сонымен қатар, жол құрылысы мәселелері туралы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының баяндамасын тыңдаған қала басшысы шаһардағы көшелердің жағдайына аралау жүргізіліп, нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталғанын айтты.
Сондай-ақ, осы кемшіліктерді жою мақсатында әкім салалық басқармаға қала көшелеріндегі жаяу жүргіншілер өткелін реттеуді және жол бойындағы жол белгілеріне кедергі тигізіп тұрған ағаштарды бұтау жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Өз кезегінде, жиынды қорытындылаған қала әкімі сала жетекшілеріне әрбір іске жауапкершілікпен қарап, атқарылған жұмыстарды сөзбен емес, іспен көрсетуді айтып, бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.