ШЫМКЕНТ: Газдан уланудың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді

0
506

Арнайы көлікпен жасақталған бригада газдан келетін қауіп, одан сақтану мен дұрыс пайдалану жолын хабарлап шықты.


ШЫМКЕНТ: Газдан уланудың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкент қаласында газды тұтынудың техникалық ережелерінің сақталмауынан улану жағдайлары жиілеген. Бұл олқылықты жою мақсатында газдан уланудың алдын алу бойынша халыққа түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған іс-шараның мақсаты - тұрғындарға газдан уланудың алдын алу, дұрыс пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Қала тұрғындарының денсаулығының қауіпсіздігі және газға деген жауапкершілігін арттыру. Профилактикалық түсіндіру жұмыстары барысында ҚР газ және газбен жабдықтау заңы түсіндірілді.

Атап айтатын болсақ, Еңбекші ауданы әкімдігі, прокуратурасы, төтенше жағдайлар басқармасы, полиция және еріктілер, «ҚазТрансГаз Аймақ» және газ техникалық инспекция қызметкерлерімен бірлескен іс-шара халық ең көп шоғырланған 11 шағынауданнан бастау алды. Арнайы көлікпен жасақталған бригада газдан келетін қауіп, одан сақтану мен дұрыс пайдалану жолын хабарлап шықты. Сонымен қатар, тұрғындарға газ тұтыну ережелерін сақтамаған жағдайда қандай құқықтық жауапкершілікке тартылатыны жайында жаднама таратылды.
Жылыту маусымы басталғалы Еңбекші ауданында екі қайғылы оқиға орын алды. Екеуі де тұрғындардың техникалық талаптарды сақтамай, құбырды дұрыс орнатпағанның салдарынан болған. Өкінішке орай, мұндай жағдайлар жиілеп кеткендіктен, біз осы бірлескен ауқымды іс-шараны қолға алдық. Бүгін қала ішінде дауыс зорайтқышпен хабарлама таратып, түсіндірдік. Ертеңнен бастап үйме-үй жүріп келісімшарттарды тексеретін боламыз. Көп тұрғындар есігін ашпайды. Дегенмен, бұған арнайы заң жүзінде бекітілген талап бар екенін де ескерсе дейміз, - деді Еңбекші ауданы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, полковник Қайрат Сәрсенбаев.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңының талаптарын орындамаған жағдайда 7 және 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Өзіңіздің және отбасыңыздың қауіпсіздігі үшін талаптарды қатаң сақтаған абзал.