ШЫМКЕНТ: Ғабит Сыздықбеков қаладағы жол және инженерлік инфрақұрылым нысандарын аралады

0
76

Қала әкімі атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына, белгіленген мерзімдердің сақталуына және нысандардың пайдалануға берілу дайындығына баса назар аударды


ШЫМКЕНТ: Ғабит Сыздықбеков қаладағы жол және инженерлік инфрақұрылым нысандарын аралады

Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков көлік және инженерлік инфрақұрылымға қатысты бірқатар нысанды аралады.

Жұмыс сапары барысында атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына, белгіленген мерзімдердің сақталуына және нысандардың пайдалануға берілу дайындығына баса назар аударылды.

Қаратау ауданындағы Кеңжарық және Хан Тәңірі көшелерінде асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Ал Бәйдібек би даңғылы мен Қ. Төлеметов көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысы аяқталуға жақын. Оның төменгі деңгейінде айналма қозғалыс ұйымдастырылып, жерасты жаяу жүргіншілер өткелдері салынуда.
Қоғамдық көлік паркі де жаңа автобустармен толықты. Қалаға «Радуга-транспорт» ЖШС мен «Түркістан көлік компаниясы» ЖШС автопарктеріне арналған 40 автобус жеткізілді. Ертеңнен бастап олар №6, 51, 67, 74 және 92 бағыттары бойынша жолаушыларға қызмет көрсете бастайды.
Жыл соңына дейін барлығы 192 жаңа автобус сатып алу жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 107-сі қалаға жеткізілді. Қалған автобустарды жеткізу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жалғасады.
Сонымен қатар қала әкімі Қонаев даңғылының жалғасын салу жобасының V кезеңі мен А-2 айналма жолын реконструкциялау аясындағы V кезең жұмыстарының барысын тексерді. Жауапты тұлғалармен нысандардағы қазіргі жағдай мен алдағы жұмыс кестесі талқыланды.
Аралау барысында Жаңаталап тұрғын алабындағы газдандыру жұмыстары да назарға алынды. Мұнда ұзындығы 50 шақырымнан асатын орамішілік газ желілері тартылуда. Жоба 1 590 жер учаскесін қамтиды. Аумақта шамамен 6 630 тұрғын тұрады.
Тұрғын алапты табиғи газға қосу халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бөлісу