Қала басшысы кәсіпорын басшыларымен жүздесіп, олардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Жұлдыз» және «Тассай» индустриалдық аймағының жұмыстарын таразылаған соң, кезекті рет «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын аралады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мұнда электр желісі, газ, су және өзге де инженерлі-коммуналды жүйе тартылып қойғандықтан, дайын инфрақұрылым мен қолайлы логистика арқылы нарықта тауар өндірісін қалыптастырып үлгерген кәсіпорындар жұмыс істейді. Дегенмен, өз кәсібін кеңейтемін немесе жаңа жобаны бастаймын деген кәсіпкерлер үшін де экономикалық аймақ қолдау көрсетуге әзір.
Қала басшысы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында бірқатар кәсіпорын басшыларымен жүздесіп, олардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Мәселен, «Шабитекс» ЖШС-і әскери және арнайы жұмысшы киімдерін тігумен айналысады.
Нарықта өз орнын тауып, тігін фабрикасына қажет түрлі техникалық жабдықтармен қамтылған кәсіпорын болашақта жұмыстарын ұлғайту мақсатында жаңа жоба бастап кеткен. Мұрат Дүйсенбекұлы кәсіпорын басшысының бастамасын қолдап, мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерге тоқталып өтті.
Сонымен қатар, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында инвестиция көлемі 58,4 млрд. теңге тұратын 35 жоба іске асырылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орындары құрылды. Жалпы аймақ жұмыс істеп тұрған кезеңнен бері бюджетке 8,2 миллиард теңге салықтық және әлеуметтік аударымдар жасаған.
Қарқынды жұмыс істеп тұрған индустриялық аймақта жаңа жобаларды қолға алу жылдам жүріп жатқандықтан аумағы 867 гектарлық қосымша 5 жаңа өнеркәсіптік алаң құрылуда. Нәтижесінде инвестиция көлемі 398 млрд. теңгені құрайтын 271 жоба іске асырылатын болады.
Айта кетейік, «Тассай» индустриялық аймағында 24 жоба іске қосылып, онда 1,8 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды. Жалпы аймақ іске қосылғалы мұндағы кәсіпорындардан бюджетке 8,2 миллиард теңге салық төленген. Бизнес өкілдерімен кездесіп, өзекті мәселелерін тыңдаған М.Дүйсенбекұлы туындаған проблемалардың оңтайлы шешу жолдарын қарастырды.
«Аймақты инженерлік-инфрақұрылыммен қамту жұмыстарының екінші кезеңін жыл соңына дейін аяқтау қажет. Оған дейін кәсіпорындардың уақытша электр қуатымен қамтылуын ұйымдастырыңыздар. Инвесторларға берілген жер телімдерінің тиімді пайдаланылуын қадағалауға алыңыздар», - деді қала әкімі.