Аумағы 2,3 гектар бірегей қоғамдық кеңістік бұрынғы «Кең баба» саябағының аумағында бой көтерді.
Қала күні мерекесінде Шымкентте жаңа Жапон бағы салтанатты түрде ашылды.
Ашылу рәсіміне ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ, мегаполис тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Аумағы 2,3 гектар бірегей қоғамдық кеңістік бұрынғы «Кең баба» саябағының аумағында бой көтерді. Өткен жылы саябақ аумағы мемлекет меншігіне қайтарылған болатын. Осыдан кейін заңсыз орналастырылған нысандар бұзылып, аумақты кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес, бұл жер рекреациялық аймаққа жатады және тек тұрғындардың демалуына, серуендеуіне және көгалдандыруға арналған. Сондықтан, мұнда табиғи сұлулықты, мәдени дәстүрлерді және заманауи қалалық инфрақұрылымды үйлестіретін тақырыптық саябақ құру туралы шешім қабылданды.


