Шымкент қаласында әлеуметтік саясаттың басым бағыттары бойынша жұмыстар атқарылуда

0
57

Білім беру мен тұрғын үй саясатын дамытудағы жаңа қадамдар Шымкент қаласының әлеуметтік дамуына серпін беруде.


Шымкент қаласында әлеуметтік саясаттың басым бағыттары бойынша жұмыстар атқарылуда

Шымкент қаласында әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі – сапалы білім беруді қамтамасыз ету және тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру. Президент тапсырмаларына сәйкес бұл бағытта кешенді жұмыстар атқарылып, халықтың сұранысын қанағаттандыруға арналған жаңа тетіктер енгізілуде.

Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек тарқатып айтып берді.

Жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру – жастарды еңбек нарығына бейімдеудің басты жолдарының бірі. Осы мақсатта қалада 150-ге жуық түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Бұл кездесулер, кәсіби бағдар беру сабақтары, өндіріс орындарына экскурсиялар мен шеберлік сыныптары арқылы оқушылар мен студенттерге жаңа мүмкіндіктер ашылды. Олардың арасында қазіргі заман талабына сай жаңа мамандықтар да бар. Мәселен, логистика, аяқкиім ісі және киім дизайны сияқты бағыттар бойынша лицензиялар алынып, жастарға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеру жолы ашылды. Бұл қадам кәсіби-техникалық білімнің тартымдылығын арттырып қана қоймай, қала экономикасына да оң әсерін тигізуде.

Сонымен бірге, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытында да ауқымды істер атқарылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 жаңа білім ордасы пайдалануға берілді. Бұл мектептер заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасады. Бұдан бөлек, қаладағы 10 нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, бұрыннан келе жатқан мәселелер шешімін тапты.

Балаларды әлеуметтік қолдау да назардан тыс қалған жоқ. Қаладағы 132 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды. Бұл шара әсіресе әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін үлкен қолдау болып отыр. Ал мектепке дейінгі білім беру саласында жаңа тәсіл – ваучерлік қаржыландыру енгізілді. Нәтижесінде балабақшаға кезек алты есеге қысқарып, ата-аналар үшін айтарлықтай жеңілдік жасалды.

Білім беру саласындағы осы игі өзгерістермен қатар тұрғын үй саясаты да жаңа деңгейге көтерілуде. Мемлекет жалдау ақысының 50 пайызын өтеу тетігін енгізіп, мұқтаж жандарға нақты көмек көрсетуде. Бұл қолдау мүгедектерге, жетім балаларға және көпбалалы отбасыларға бағытталған. Осылайша, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және халықтың әл-ауқатын жақсартуға жол ашылуда.

Жалпы алғанда, білім беру мен тұрғын үй саясатын дамытудағы жаңа қадамдар Шымкент қаласының әлеуметтік дамуына серпін беруде. Бір жағынан жастардың сапалы білім алып, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман атануына мүмкіндік жасалса, екінші жағынан тұрғын үй қолжетімділігі артып, әлеуметтік осал топтар үшін нақты қолдау көрсетілуде.

Бөлісу