Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов 2019 жылды қорытындылады.
Шымкентте 2019 жылы 40,3 млрд. теңгеге 113 нысанның құрылысы жүргізілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
2019 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 523,7 мың шаршы метрді құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 19,2%-ға артты. Жылдық меже 470,4 мың шаршы метр болса, жоспар нақты 11,3%-ға артығымен орындалған. Бұл туралы қалалық құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, 2019 жылы 53 тұрғын үй пайдалануға берілген. Олар:
-16 арендалық (898 пәтер, 71,5 мың ш.м);
-11 кредиттік(656 пәтер, 48,7 мың ш.м);
-26 жеке салушылар(1282 пәтер, 126,2 мың ш.м).
Сондай-ақ, көпбалалы отбасылар 450 пәтер (98 – сатып алу, 352 – құрылыс) және жұмыс істейтін 904 жастар арендалық пәтермен қамтылған.
Ал «SHYMKENT»ӘКК» АҚ тарапынан «7-20-25» бағдарламасымен жалпы құны 11,4 млрд. теңгеге 24 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Нысан құрылысы 2020 жылға өтпелі.
2019 жылы 13 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысанының құрылысы жүргізіліп, 7-і пайдалануға берілген. Яғни, қала құрылысына бөлінген 1,8 млрд. теңге толық игерілді. (РБ – 1,2 млрд.тг. республикалық бюджеттен, ал 0,6 млрд.тг. жергілікті бюджеттен бөлінген.
2019 жылы жалпы 14 мектептің құрылысы жүргізілген екен. Білім ордасына бөлінген қаржы 6,6 млрд.тг. құраған.
Нәтижесінде, 6 мектеп пайдалануға тапсырылып (4500 орын), қала аумағындағы мектептердің 3 ауысымды оқу мәселесі шешілді. 2018 жылмен салыстырғанда тапсырылған мектеп орны 2400-ге ұлғайған.
Қалған 8 нысанның (5700 орын) құрылысы өтпелі.
"2020 жылға 32,8 млрд.теңге бөлінген. Бұл қаржыға 88 жобаның құрылысын жүргізу, 26 жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және аз қамтылған халыққа тұрғын үйлерді (1296 пәтер) сатып алу жоспарланған." - дейді Ербол Ахметов.
Соның ішінде, тұрғын үй саласын дамытуға жалпы 19,7 млрд.теңге бөлінген. (РБ – 8,1 млрд.теңге, ЖБ – 11,6 млрд.теңге). 38 арендалық, 39 кредиттік тұрғын үй салуға және сатып алуға 19,4 млрд.теңге, 28 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 260,7 млн.теңге.
Нәтижесінде, ағымдағы жылы 1 576 пәтерлі 24 кредиттік, 448 пәтерлі 8 арендалық (256 – әлеуметтік әлсіз топтарға, 192 – аз қамтылған көп балалы аналарға) тұрғын үй пайдалануға берілетін болады.
Бұдан бөлек, 5,4 млрд.теңгеге 1 296 пәтер сатып алынады. Көп балалы аналарға – 1 258, әлеуметтік аз қамтылғандарға – 138, жұмысшы жастарға – 900 пәтер берілетін болады.