Ерлан Айтаханов үздік жастарды марапаттады.
Шымкент қаласының қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, түрлі салаларда жетістіктерге жеткен жастарды Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов марапаттады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Қала әкімі Ерлан Айтаханов алдымен мегаполистің белсенді жастарын келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, «Үздік жастар» байқауының жеңімпаздарына диплом мен қаржылай сыйлықтар табыстады.
Биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылған байқау мәдениет, өнер, білім, ғылым, әлеуметтік, халыққа қызмет көрсету сынды түрлі салаларды қамтыған.
Жастарға қолдау көрсетіп, олардың жеткен жетістігін насихаттау мақсатында жыл сайын ұйымдастырылатын байқауға 14-29 жас аралығындағы 126 үміткер қатысып, іріктелген. Байқау комиссиясының қорытындысымен 34 жас өз салаларында үздік деп танылып, марапатталды.