ШЫМКЕНТ: Қаратау ауданы инфрақұрылым жүйесімен толық қамтылуға жақын

0
71

Кәріз жүйесіне қосу жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілуде. Өткен жылы 5 елді мекенде құрылыс аяқталса, биыл «Тұран» және «Мирас» шағынаудандарындағы жобалар аяқталуы жоспарланған.


ШЫМКЕНТ: Қаратау ауданы инфрақұрылым жүйесімен толық қамтылуға жақын

Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Қаратау ауданының әкімі Алмас Емелтайұлы Абаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымдық жетістіктері жөнінде баяндама жасады.

Әкімнің айтуынша, Қаратау ауданы бүгінде Шымкент қаласының ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан аумақтарының бірі болып табылады. Ауданның жалпы аумағы 19 500 гектарды құрайды, ал халық саны 300 мыңға жуық. Мұнда 19 елді мекен орналасқан, оның ішінде 29 мыңнан астам жеке тұрғын үй мен 626 көпқабатты үй бар.

Ауданның дамуындағы басты басымдықтардың бірі – инфрақұрылымды жаңарту және тұрғындарға жайлы өмір сүру жағдайын жасау. Бүгінгі таңда ауыз сумен қамту көрсеткіші 99%-ға жетіп отыр. Жыл соңына дейін қалған тұрғын үйлер де орталық жүйеге қосылып, көрсеткіш толық 100%-ға жеткізілмек. Электр энергиясымен қамту деңгейі де жоғары — қазіргі таңда ол 99%-ды құрайды. Қалған нысандар бойынша абоненттеу жұмыстары жалғасуда.

Табиғи газбен қамту мәселесі де оң шешімін табуда. Қазіргі көрсеткіш – 98%. Жыл соңына дейін жоспарланған жобалар аяқталса, аудан тұрғындары толықтай табиғи газға қол жеткізетін болады. Бұл тұрғындардың тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсартып, экологиялық жағдайды жақсартуға да оң әсер етеді.

Кәріз жүйесіне қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Өткен жылы бес елді мекенде құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған болса, биыл бұл бағыттағы жұмыстар «Тұран» және «Мирас» шағынаудандарында жалғасып жатыр. Аталған жобалар аяқталған соң, аудан бойынша кәріз жүйесіне қосылу деңгейі айтарлықтай артады.

Сонымен қатар, жылыту маусымына дайындық мәселесіне де ерекше назар аударылған. Қаратау ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың 97%-ы жылу жүйесінің қысым сынағынан (опрессовка) сәтті өтті. Бұл көрсеткіш аудандағы инженерлік инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Алмас Абаев өз сөзінде ауданның барлық бағыттарында жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. «Біздің мақсатымыз – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жетілдіру және әлеуметтік нысандардың сапалы қызмет көрсетуін қамтамасыз ету. Қаратау – жас әрі әлеуеті зор аудан. Сондықтан барлық салада өсім мен даму қарқыны жоғары деңгейде болады», – деді әкім.

Брифинг соңында аудан басшысы алдағы уақытта да инженерлік желілерді жаңғырту, көше инфрақұрылымын жақсарту, экологиялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

Осылайша, Қаратау ауданының қазіргі даму қарқыны мен атқарылып жатқан шаралар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және Шымкент қаласының жалпы өркендеуіне елеулі үлес қосып отыр.

Бөлісу