Кездесу соңында мұндай диалог алаңдарының креативті индустрия мен туризм саласы арасындағы өзара байланысты күшейтуге, жаңа идеялар мен бірлескен жобаларды іске асыруға серпін беретіні атап өтілді.
Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында креативті индустрияны дамытуға арналған кездесуі өтіп, оған Палата басшылығы, Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділханов, осы саладағы кәсіпкерлер қатысты.
Жиында мегаполистегі креативті индустрияны туристік саламен тығыз байланыстыра отырып дамыту, қолдау шараларын кеңейту және бірлескен жаңа бағыттарды айқындау тақырыптары талқыланды. Қатысушылар шығармашылық жобалардың Шымкенттің туристік тартымдылығын арттыруға, бірегей мәдени өнім қалыптастыруға және қаланы креативті экономика орталық ретінде нығайтуға қосар үлесін ақылдасты.
«Креативті индустрия – бүгінде тек шығармашылық қана емес, экономика, жұмыс орындары, өңір мен ел үшін жаңа мүмкіндіктерге айналып келеді. Біздің басты мақсатымыз – күш біріктіру. Бірлесе отырып нақты жұмыс қағидаларын қалыптастырамыз, мамандарымызды қолдауды күшейтіп, креативті секторды шын мәнінде тұрақты әрі танымал ете аламыз. Ең бастысы – диалог. Тақырыптарды тек талқылап қоймай, нақты қадамдарды айқындау, іскерлік байланыстар орнату, бірлескен жобаларды іске қосу және мықты кәсіби қауымдастық қалыптастыру маңызды», – деді Шымкент қалалық креативті индустрия қауымдастығының төрайымы Жанна Елтанова.
Кәсіпкерлер жергілікті креаторлар мен қолөнершілерді қолдау, креативті кеңістіктерді дамытуға қатысты ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Туризм және шығармашылық индустрия өкілдері арасындағы бірлескен жобалар, мәдениет, дизайн және өнер арқылы қалалық брендтерді таныту мәселелері көтерілді.
Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділханов креативті индустрия саласындағы нақты көрсеткіштер мен жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы мәлімет берді. Ресми статистикаға сәйкес, 2025 жылдың соңында Шымкент қаласында креативті индустрия саласында тіркелген кәсіпкерлер саны 2439-ға жеткен.
«Саладағы кәсіпкерлерден түскен салық көлемі 4,8 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 500 млн теңгеге артқан. 2025 жылы ашылған «Shymkent Creative Hub» креативті хабында қолөнершілер, дизайнерлер, зергерлер, суретшілер және киностудиялар белсенді жұмыс жүргізіп, бүгінге дейін 141 іс-шара ұйымдастырылған. Сонымен қатар, қаламызда жәрмеңкелер, байқаулар, форумдар мен көрмелер өткізіліп, креативті өнімдерді нарыққа шығару мен монетизациялау бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. Ал 2026 жылы креативті индустрия кәсіпкерлері арасында байқаулар өткізу, көрмелер мен форумдар ұйымдастыру, сондай-ақ, Шымкент қаласына арналған қысқаметражды фильмдер байқауын өткізу жоспарланған», – деді басқарма басшысы Бексұлтан Әділханов.
Жиында Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған «Креативті индустрия қорының» қызметі туралы да ақпарат берілді. Қор аясында креаторлардың бірыңғай цифрлық тізілімі әзірленіп, 2026 жылдан бастап арнайы платформа арқылы жобаларды іріктеу және қаржыландыру тетіктері іске қосылады. Қор тарапынан қолдауды ресми тіркелген креаторлар ғана ала алады.
Кездесу соңында мұндай диалог алаңдарының креативті индустрия мен туризм саласы арасындағы өзара байланысты күшейтуге, жаңа идеялар мен бірлескен жобаларды іске асыруға серпін беретіні атап өтілді. Жалпы, Шымкент қаласын шығармашылық экономиканы және туристік тартымдылықты дамытудың маңызды орталығына айналдыру жолында сенімді қадам жасалуда.


