ШЫМКЕНТ: қауіпсіз әрі ыңғайлы жолдарға қадам жасалды

0
83

2025 жылы 35 көшеге ирригация жүйесі салынады. Оның 30 көшесінде жұмыстар аяқталды, қалғаны жыл соңына дейін бітіреді.


ШЫМКЕНТ: қауіпсіз әрі ыңғайлы жолдарға қадам жасалды

Шымкент қаласының Тұран ауданында жол және инфрақұрылым саласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Аудан аумағындағы 1 229 көшенің жалпы ұзындығы бүгінде 570 шақырымды құрайды. Оның шамамен 80 пайызы асфальтпен жабылған болса, қалған бөлігі тас жол күйінде. 2025 жылға қарай аудан көшелерінің барлығы толықтай асфальтталуы көзделіп отыр.

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы Тұран ауданының әкімі Берік Айдарұлы Әшірбеков өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифинг барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда 251 көшеге орташа және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Солардың басым бөлігі бойынша жұмыстар аяқталып, пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін қалған көшелер де толық жөнделіп, аудан бойынша жол инфрақұрылымы 100 пайыз деңгейге жетеді деп күтілуде.

Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылым да жүйелі түрде дамып келеді. 2024 жылы 39 көшеде жаңа аяқжолдар салынды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде тұрғындар мен оқушылардың қозғалысы анағұрлым ыңғайлы әрі қауіпсіз бола түсті. Ал 2025 жылы тағы 44 көшеде аяқжол құрылысы жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта 31 көшеде 15,5 шақырым жаңа аяқжол пайдалануға берілді, ал қалған жобалар жыл соңына дейін толық аяқталады.

Сондай-ақ, аудан аумағында ирригациялық жүйелерді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы жұмыстар су тасқынының алдын алу және жауын-шашын суларын тиімді бұру мақсатында жүргізіліп жатыр. 2025 жылы жалпы саны 35 көшеге ирригациялық арық жүйесі орнатылмақ. Оның ішінде 30 көшеде құрылыс аяқталып, қалған бес көшедегі жұмыстар жыл соңына дейін бітіреді деп жоспарланған.

Көшелерді жарықтандыру бойынша да үлкен жетістіктер бар. Бұрын аудан аумағының небәрі 35 пайызы ғана жарықтандырылған болса, соңғы уақытта бұл көрсеткіш 95 пайызға дейін өсті. Қазірдің өзінде көптеген көшелерде заманауи жарық шамдары орнатылып, тұрғындардың түнгі уақытта қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысына жағдай жасалды. 2025 жылы Тұран ауданындағы барлық көшелер 100 пайыз жарықтандырылып, толыққанды инфрақұрылымдық қамтуға қол жеткізіледі.

Аудан әкімі Берік Айдарұлының айтуынша, бұл жұмыстардың барлығы қала әкімдігі мен мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асып жатыр. Негізгі мақсат – тұрғындардың өмір сапасын арттыру, көлік және жаяу жүргіншілер қозғалысын жеңілдету, сондай-ақ ауданның келбетін заманауи талаптарға сай ету.

Осылайша, Тұран ауданының жол және инженерлік инфрақұрылымы жыл сайын қарқынды дамып, Шымкент қаласының ең қолайлы әрі инфрақұрылымы дамыған аудандарының біріне айналып келеді.

Бөлісу