Мекемеге қарасты 838 шақырымдық құбырдың 80-ге жуығында ақау анықтаған болатын.
Шымкент қаласындағы “Қуатжылуорталық-3” қысқы маусымға дайын, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Үшінші мегаполистегі жылыту орталықтарының бірі - “Қуатжылуорталық-3” МКК. Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов нысандарды тексеру барысында аталған мекемеге қарасты 838 шақырымдық құбырдың 80-ге жуығында ақау анықтаған болатын. Қазіргі таңда барлығы толығымен ретке келтірілді.
К-24 қазандығы Шымкент қаласы әкімінің 27.05.2019 жылғы №452 қаулысы негізінде "Қуатжылуорталық-3" МКК теңгеріміне берілген. 1977 жылдан бері қолданыста. Қуаттылығы 26,6Гкал/сағ құрайтын 2 дана ДКВР-20-13 қазандығымен жабдықталған.
Осы арқылы шаһардағы бірнеше нысан:
- 66 көпқабатты тұрғын үй;
- 20 бюджеттік нысан;
- 4 жеке сектор (жер үй);
- 30 басқа заңды тұлғалар (дүкен, асхана, дәріхана және т.б.) жылыту жүйесімен қамтылған.
Шахар басшысы бүгін мекеменің жалпы жылыту маусымына дайындығын пысықтап, тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, қаладағы 1987 көпқабатты тұрғын үйдің 91% дайындалған. Ал, 484 бюджеттік мекемелерден бүгінгі күнге дайындалғаны 480 нысан (99%), дайындық жұмыстары жалғасуда. Аталмыш мекемелер отын қорымен толық қамтамасыз етілген. Қала тұрғындарының көмірге қажеттілігі 66 мың тонна, бүгінгі күнге дейін қалаға 100,8 мың тонна көмір тасымалданған, қоймаларда 35 мың тонна көмір қоры бар. Инфрақұрылым жүйелерінің дайындығы 90 пайызды құрап отыр. Қала әкімі күрделі жөндеу жұмыстары бойынша аяқталмаған жұмыстарды тездетіп бітіруді, құбырларды жаңартуда орын алған кемшіліктерді реттеуді, аудан әкімдеріне көп қабатты тұрғын үйлердің дайындығын тексеріп қосымша баяндауды, маусымға дайындық жұмыстарын қыркүйектің соңына дейін аяқтауды тапсырды.
2022 жылдың жылу беру маусымынан кейін 838 шақырым жылу жүйелерін тексеру барысында 79 ақау анықталған. Қазір оның 21-і түзетіліп, қалған 58 жағдай тамыз айының соңына дейін толық қалпына келтіріледі. Жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету үшін 18,0 шақырым жүйеге ағымдағы жөндеуге мердігер мекеме анықталуда.