Бұл әдістің басты артықшылығы – операциядан кейінгі жарақаттың аз болуы және науқастың тезірек қалпына келуіне мүмкіндік болады.
Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханада алғаш рет кеуде қуысындағы күрделі ісік шағын тіліктер арқылы сәтті алынып тасталды.
Операция 46 жастағы ер адамға жасалған. Ісік жүрек қабына, өкпе тініне және омыртқа маңындағы тіндерге жақын орналасып, кейбіріне жабысып қалған. Сондықтан ота жасау оңай болған жоқ.
Дәрігерлер күрделі жағдайға қарамастан, үлкен тілік кеспей, заманауи торакоскопиялық әдісті қолданды. Арнайы құралдардың көмегімен бірнеше шағын тілік арқылы ісік толық алынып тасталды.
Бұл әдістің басты артықшылығы – операциядан кейінгі жарақаттың аз болуы және науқастың тезірек қалпына келуіне мүмкіндік болады.
Қазіргі таңда науқастың жағдайы қанағаттанарлық, денсаулығында оң өзгерістер байқалады.
Аталған операция Шымкент қаласында күрделі хирургиялық оталарды заманауи әдістермен жасау мүмкіндігі артып келе жатқанын көрсетеді.


