ШЫМКЕНТ: Құрсайда жаңадан салынып жатқан емхана келесі жылы пайдалануға беріледі

0
610

Жаңа емхана тәулігіне 450 адамды қабылдай алады.


ШЫМКЕНТ: Құрсайда жаңадан салынып жатқан емхана келесі жылы пайдалануға беріледі

Шымкент қаласы Құрсай шағын ауданында 450 адамды қабылдайтын жаңа емхананың құрылысы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Тұран ауданы Құрсай шағынауданында 20 мыңнан аса халық бар. Шағын ауданда медициналық қызмет тапшылығын жою мақсатында тәулігіне 450 адамды қабылдайтын жаңа емхана құрылысы жүріп жатыр. Жеке инвестордың қаражатымен тұрғызылатын емхана келесі жылы қолданысқа беріледі.
Айта кетейік, қалада медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, қызмет сапасын арттыру үшін инвестициялық жобалар тартылуда. Яғни, денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сәйкес 1 емхананың қызмет көрсету шкаласы 30 мың тұрғыннан аспауы тиіс. Қаладағы 45 емхананың қамту көрсеткіші орта есеппен 26 мың тұрғынды құрайды. Алдағы уақытта пациенттерге көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру мақсатында бұл статистиканы 24 мыңға тұрғынға дейін түсіру межеленген.
Сондықтан 2025 жылға дейін мегаполис тұрғындарына 6 емхана салу қажет етіледі. Осы орайда емхана санын көбейту көзделіп, инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде.

Еске сала кетейік, жалпы Шымкент қаласы бойынша стационарлық көмек көрсететін 15 медициналық ұйым бар. Ал, жалпы төсек-орын саны 3407 құрайды. Сонымен қатар, қалада көп бейінді 4 стационар бар. Оның ішінде қалалық клиникалық ауруханасында 490 төсек орын, №2 қалалық ауруханасында 390 төсек орын, №3 қалалық ауруханасында 210 төсек орын, қалалық балалар клиникалық ауруханасында 315 төсек орын бар. Сондай-ақ қалада 5 монопрофильді стационар да жұмыс істейді. Шымкент жүрек орталығында 134 төсек орын, қалалық онкологиялық орталықта 231 төсек орын, Т.О.Орынбаев атындағы гипербарикалық оксигенация орталығында 125 төсек орын, психикалық денсаулық орталығында 435 төсек орын, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы 360 төсек орынмен жабдықталған.