ШЫМКЕНТ: Мектеп бітірушілер қоштасу кешінен бас тартып ауызашар беретін болды

0
2 422

Шымкенттік түлектер 25 мамырда ауызашар беріп, қайырымдылық жасауды жоспарлап отыр.


ШЫМКЕНТ: Мектеп бітірушілер қоштасу кешінен бас тартып ауызашар беретін болды

Шымкент қаласындағы кей мектептердің түлектері қоштасу кешінен, қымбат көліктермен қала көшелерінде шеруге шығудан бас тартып, ауызашар беріп, қайырымдылық жасайды - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл жайлы шаһардың мектеп түлектері Шымкент қаласы білім басқармасында өткен жиында айтты. Игі бастаманы бұған дейін Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының түлектері бастаған. Енді міне, шымкенттік оқушылар да қолдау көрсетуді жөн деп тауыпты.

"Біздің мектебімізде барлығы түгелдей осы кортеж, мейрамханаларға барудан бас тартып жатыр. 25 мамыр қасиетті рамазан айына келіп тұрғандықтан, мектебімізде аузымызды ашып, таң атыруды жоспарлап жатырмыз. Ал, котедж бен кортежге жиналатын ақшаны біз Шымкент қаласындағы балалар үйіне барып дастархан жайсақ деп отырмыз. Мәселен Нұр-Сұлтан қаласында 24 мектеп 25 мамырда болатын қоштасу кешінен түбегейлі бас тартты. Бұл бастама былтырдан басталды. Олар балалар үйіне барып, қарттар үйіне барып, сол жақта дастархан жаюды жоспарлап жатыр. Біз де осы игі істі қолға алсақ",- дейді №125 жалпы орта мектептің оқушысы Бақытжан Нартаев.

Бұл ұсынысты қаладағы №130 мектептің оқушылары да қолдап, білім ошағы қабырғасында ауызашар беруді жоспарлап отырғандарын айтты.