Шараға қатысуға 900-ге жуық адам өтінім білдірген.
Елімізде алғаш рет Шымкент қаласында Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен «Креативті индустрия» бағыты аясында мобилографтардың «Shymkent Mobilography Fest» республикалық фестивалі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шараға қатысуға 900-ге жуық адам өтінім білдірген. Қатысушылардың басым бөлігі Шымкент және Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан қалаларынан болды. Олар сайыстың алғашқы күнінде алдын ала берілген «Welcome to Shymkent» тақырыбында қала туралы имидждік және креативті жарнамалық бейнероликтер түсірді. Дайын бейнероликтерді елімізде мобилография саласын дамытқан Қыран Талапбек бастаған комиссия мүшелері бағалап, жеңімпаздар тізімін жариялады. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.
Шара аясында өткен пленарлық кездесуге қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, Өркен Кенжебек, Сырымбек Тау, Ақбота Ануарбек және Әділет Рахметолла сынды бірнеше медиа саласы мен түрлі бағытта өз бастамаларын дамытып жүрген әлеуметтік желі белсенділері қатысып, креативті индустрия мен мобилографияның туризм саласындағы рөліне тоқталып өтті.
«Ұлттық креативті дамыту - заман талабына сай тенденция екенін ескере келе, Шымкент қаласын еліміздегі ірі креативті хабтардың біріне айналдыруды қолға алып отырмыз. Осы бағыттағы жұмыстың бастамасы ретінде Қазақстанда алғаш рет республикамыздың әр өңірінен талантты мобилографтардың басын қосып, мобилография фестивалін ұйымдастырдық. Бұл сала креативті индустрияның ажырамас бөлігі бола отырып, туризмнің мүмкіндіктерін жарнамалауға таптырмас құрал. Бұл бастаманы әріқарай жалғастырып, Шымкент қаласында мобилографтарды біріктіретін жыл сайынғы үрдіске айналдыратын боламыз», - деді қала әкімінің орынбасары.
Екі күнге созылған іс-шарада еліміздің үшінші мегаполисі туралы сапалы бейнероликтер әзірленді. Роликтер алдағы уақытта жарнаманы жандандырып, туристерді тарту мақсатында жарияланып отырмақ. Жалпы елімізде соңғы 3 жылда мобилография саласы дамып келеді. Оған қызығушы әрі кәсіп еткендер саны елу мыңға жуықтаған.