​Шымкент: «Музей түні» кең көлемде аталып өтті

0
102


​Шымкент: «Музей түні» кең көлемде аталып өтті

18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Шымкент қаласында ауқымды мәдени іс-шара – «Музей түні» акциясы өтті.

Қаланың тарихи жүрегінде орналасқан «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінде өткен іс-шараның басты жаңалығы – «Шым қала жәдігерлері» атты жаңа экспозициялық залдың ашылуы болды.

Көрме залына 2017-2020 жыл аралығында жүргізілген археологиялық қазба барысында Шымкент маңынан табылған археологиялық жәдігерлер қойылып, қала тарихының терең қатпарларынан сыр шертті.
Кеш қонақтары үшін қолөнершілер жәрмеңкесі, шеберлік сағаттары, ерекше экскурсиялар ұйымдастырылып, танымал әнші Қайрат Түнтеков жұлдызды гид ретінде көрермендерге экскурсия жүргізді.
Сонымен қатар барлық музейлерде ұсынылған театрландырылған көріністер де көрермендер көңілінен шықты. Ж.Шанин атындағы Қазақ драма театры – Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде, Орыс драма театры – Ерлік музейінде, Опера және балет театры – Хәкім Абай музейінде, ал Өзбек драма театры – Сайрам музейінде тарихи кейіпкерлерді сомдап, жанды жәдігер ретінде көріністер қойды.
Шараның соңы Шымкент қаласының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен түйінделіп, музей саласының мамандары марапатталды. Жиынға тарихшылар, өнертанушылар, археологтар, өлкетанушылар мен зиялы қауым өкілдері, туристер қатысты.
Бөлісу