ШЫМКЕНТ: Паразитарлық ауру түрлерінің жоғары тіркелгені байқалады

0
623

Шымкент қаласында 2022 жылдың 9 айында паразитарлық аурушаңдықтың қышыма, дерматомикоз, тері лейшманиозы, аскаридоз, энтеробиоз түрлерінің жоғары тіркелгені байқалады.


ШЫМКЕНТ: Паразитарлық ауру түрлерінің жоғары тіркелгені байқалады

Шымкент қаласында раразитарлық аурушаңдықтың түрлерінің жоғары тіркелгені байқалады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова баспасөз жиынында айтты.

«Шымкент қаласында 2022 жылдың 9 айында паразитарлық аурушаңдықтың қышыма, дерматомикоз, тері лейшманиозы, аскаридоз, энтеробиоз түрлерінің жоғары тіркелгені байқалады. Қышыма ауруы – 131 науқас тіркелді, былтырғы жылдың 9 айымен салыстырғанда 1,56 есеге өскен. Әсіресе 14 жасқа дейінгі балалар арасында 35,1%-ға. Дерматомикозбен 970 адам науқастанып, аурушаңдық 12,59 %-ға, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 8,35%-ға жоғарылаған. Тері лейшманиозы ауруымен 2 науқас тіркеліп, 1 жағдайға өскен. Аскаридоз аурушаңдығымен 102 науқас тіркеліп, 3 жағдайға, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 2 жағдайға өскен. Энтеробиоз ауруымен 117 науқас тіркеліп, 12,07%-ға, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 9,7% өскен», - деді спикер.

Сонымен қатар, өткен жылмен салыстырғанда эхинококкоз, лямблиоз, педикулез жағдайлары төмендеген. Паразитарлық аурушаңдықтың гименолепидоз, токсоплазмоз, альвеококкоз, трихинеллез, тениаринхоз, тениоз түрлері тіркелмеген. Паразитарлық аурулар биологиялық материалды (нәжіс, қан, несеп т.б) зертханалық зерттеу мен УДЗ арқылы анықталады.

Паразитарлық аурулардың алдын алу жолдары:

- жеке бас гигиенасын сақтап, қолды сабындап жиі жуу және жеке іш киімдердің тазалығын қатаң сақтау;

- көкөніс, көкшөп, жемістерді сүзгіні қолдана отырып 5 минуттай ағынды таза сумен мұқият жуып пайдалану;

- ет комбинаттарында, базарларда, мал сою пункттерінде ет және ет өнімдеріне ветеринариялық-санитариялық сараптау жүргізілу;

- иттерді, оның ішінде күзет, қызметтік және жеке ауладағы иттерді жоспарға сай жылына кемінде 4 рет дегельминтизация жүргізіп, паспорттау;

- қаңғыбас иттерді жою;

- мал сойғанда итке малдың құртпен зақымданған мүшелерін бермеу;

- үйде итті байлап ұстау және ит тұрған жерді жиі тазартып отыру қажет.