Жүйеге түскен әрбір ұсыныс пен бастама мұқият сараптамадан өтеді. Әкімдік мамандары келіп түскен идеялардың ішінен ең өзекті, пайдалы және өміршең жобаларды іріктеп алып, оларды қаланы дамыту жоспарына енгізеді.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен қолға алынған «Шымкентті дамытуға халықтың үлесі» бірегей жобасы бүгінде қоғам мен билік арасындағы алтын көпірге айналып үлгерді. Бұл маңызды бастама туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында кеңінен айтылды.
Жобаның басты мақсаты — әрбір тұрғынның пікірін ескере отырып, мегаполистің дамуына қатысты тың ойлар мен ұсыныстарды тікелей қабылдау және оларды нақты іске асыру тетігін қалыптастыру. Қала басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету басты міндет екенін қадап айтты. Осы мақсатта Шымкентте азаматтарды жеке қабылдау, аудандарда көшпелі кездесулер өткізу дәстүрге айналған. Дегенмен, заман талабына сай цифрлық технологияларды пайдалана отырып, тұрғындармен байланысты жеделдету үшін «Шымкентті дамытуға халықтың үлесі» жобасы іске қосылды.
Жобаның қолжетімділігі мен қарапайымдылығы — оның басты артықшылығы. Енді қаланың кез келген тұрғыны немесе қонағы қоғамдық орындарда, саябақтарда және қалалық автобустарда арнайы орнатылған QR-кодтар арқылы өз ұсынысын бірнеше секундта жолдай алады. Бұл жүйе қаланың болашағына бейжай қарамайтын белсенді азаматтар үшін өте қолайлы. QR-кодты сканерлеу арқылы тұрғын өз идеясын жазып қана қоймай, қаладағы нақты бір мәселеге назар аударта алады немесе инфрақұрылымды жақсарту бойынша өз нұсқасын ұсына алады.
Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, халықпен кездесулерде айтылатын көптеген ұсыныстар енді осы цифрлық жүйе арқылы жүйеленіп, тиісті басқармалардың қарауына жіберіледі. Бұл — қаланы басқару ісіне халықты белсене тартудың және азаматтық қоғамды нығайтудың нақты құралы.
Жүйеге түскен әрбір ұсыныс пен бастама мұқият сараптамадан өтеді. Әкімдік мамандары келіп түскен идеялардың ішінен ең өзекті, пайдалы және өміршең жобаларды іріктеп алып, оларды қаланы дамыту жоспарына енгізеді. Осылайша, әрбір азаматқа Шымкенттің оң өзгеруіне жеке үлес қосуға және сол өзгерістердің тікелей қатысушысы болуға мүмкіндік беріліп отыр. Бұл қадам қалалық ортаны жайлы етуге ғана емес, сонымен бірге тұрғындардың өз қаласына деген жауапкершілігін арттыруға да бағытталған. Шымкенттің дамуы — тек әкімдіктің ғана емес, барша халықтың ортақ ісі екенін айшықтайтын бұл жоба мегаполис экономикасы мен әлеуметтік саласының жаңаша қарқынмен өсуіне серпін бермек.


