Шымкент қаласының Қаратау ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Республика күніне орай «Қыран елім – Қазақстан» атты патриоттық флешмоб өтті.
Бұл іс-шараға Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 300 оқушысы қатысып, рухты әндер шырқалып, домбыраның күмбірлеген күйі шертілді.
Мерекелік шаралар қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл-күй мен қуаныш сыйлады. «Қыран елім – Қазақстан» флешмобы да солардың бірі. Акцияны қолдау мақсатында жастар арнайы бейнеролик түсіріп, оны әлеуметтік желілерде жариялау арқылы отансүйгіштік рухты арттыруды көздеп отыр. Бұл шара елдің болашағы – жастардың бойына патриоттық сезімді қалыптастыру, елге деген сүйіспеншілікті ояту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болды.
Осындай патриоттық іс-шаралар алдағы уақытта да жиі өткізіліп, жас ұрпақты Атажұрттың ар-намысын жоғары ұстайтын азаматтар етіп тәрбиелеу мақсатын жалғастыра бермек.