ШЫМКЕНТ: Салықты мерзімінде төлемегендер сот орындаушыларына жіберіледі

0
710

Сот орындаушылар тарапынан барлық мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылады.


ШЫМКЕНТ: Салықты мерзімінде төлемегендер сот орындаушыларына жіберіледі

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысы орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Б.Тұрсынов және аталған басқарманың өндірістік емес төлемдер бөлімінің басшысы Ж.Шерханның қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Баспасөз мәслихатында Бахыт Тұрсынов салықты мерзімінде төлемегендерге қолданылатын шаралар туралы айтты.
Салық мерзімінде төленбеген жағдайда, заң аясында жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығы шығарылады. Мәжбүрлеп орындату үшін жеке сот орындаушыларына жіберіледі. Осы ретте әрбір кешіктірілген мерзімге өсімпұл сомалары есептелінеді. Сот орындаушылар тарапынан барлық мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылады. Яғни банктік есеп шотына, шетелге шығуға шектеулер қою, жылжымайтын, жылжымалы мүліктерді тәркілеу, оны әрі қарай аукцион арқылы сату жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, бюджет алдында берешек қарызыңыздан бөлек қосымша тағы да 25 пайыз өндіріледі. Мысалы, Сіз бюджетке 100 000 теңге қарыз болсаңыз, бюджетке 100 000 теңге, оған қосымша 25 пайыз (25 000 теңге) сот орындаушының қызметіне төлем жүргізесіз. Егер, бюджет алдында 1 теңге қарызыңыз болса банктік есеп шоттарыңыз арқылы қаржылық операцияларды жүргізу, банктік есеп шоттарына ақша алу, банктік есеп шот ашу, депозит шоттарын ашу, тауарларды бөліп төлеу арқылы сатып алу, тұтынушылық несилер рәсімдеу және т.б. операциялар жүргізе алмайсыз, – деді Бахыт Құдайбергенұлы.
Спикердің сөзінше, ағымдағы жылдың 1 жартыжылдық қорытындысымен Мемлекеттік бюджет жоспары 107 пайызға орындалған. Сондай-ақ, осы жылдың 1 шілдесіне Әл-Фараби ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында 7401 заңды және 186 223 жеке тұлға тіркелген. Оның ішінде 13 439 жеке кәсіпкерлер, 429 адвокат, 164 нотариус бар. Әрекетсіз заңды тұлғалардың саны 491, әрекетсіз жеке кәсіпкерлер саны - 767.
Сонымен қатар, жабық базарлар, сауда үйлері, дүкендер, павильиондар аумағында көтерме және бөлшек сауданы жүзеге асыратын кәсіпкерлерге QR-кодты (штрих-кодты) орналастыру қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осы ретте Shymkent Plaza, Цум, Mega Planet, Береке, Нyper house, Наурыз парк сауда үйлері толығымен QR-кодты (штрих-кодты) орналастырды. Бүгінгі күнге QR-кодын (штрих-кодты) алған барлығы 2382 салық төлеуші.