ШЫМКЕНТ: Сатып алынатын жаңа автобустардың саны тағы да қысқарды

0
1 611

Е.Айтаханов: «Үлкен автобустар аламыз, газбен жүреді...».


ШЫМКЕНТ: Сатып алынатын жаңа автобустардың саны тағы да қысқарды

Шымкентте жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін 590 жаңа автобус алынады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


Бұл туралы Шымкент қалалық мәслихатының кезекті отырысында қала әкімі Ерлан Айтаханов айтып берді. Әкім айтқан ақпаратқа сүйенсек, мегаполиске келетін автобустар саны қысқарған.

«Шымкент қаласында қоғамдық көлікті 1 күнде 650 мың адам пайдаланады және 25 тасымалдаушы мекемеде 1621 автобус бар, олардың 60 пайызы ескірген. Жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін 2019 жылы 300 жаңа автобус алынды, ал 2020 және 2021 жылдары 590 жаңа автобус алуды жоспарлап отырмыз», - деді Ерлан Қуанышұлы.

Сондай-ақ, Шымқала әкімі жоспарға сәйкес қаланың көлік саласын дамыту сферасын кеңейту мақсатында 2020 жылы бюджеттен 50 млн. теңге бөлінетінін де айтты.

Еске салсақ, Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала болғаннан кейін, экс-әкім Ғабидолла Әбдірахымов 2019 жылдың соңына дейін 3000-дай жаңа автобус алу жоспарында бар екенін айтқан еді. Одан кейін, автобустар саны қысқарып, Шымкентке 1000 автобус алатын болған еді. Бүгінде сол 1000 автобустың 300-і 2019 жылы алынып, қызмет көрсетіп жатыр. Енді, әу бастағы жоспар бойынша мегаполиске әкелінетін қалған 700 автобус 590-ға қысқарып отыр.

Айта кетерлігі, үшінші магполистегі қоғамдық көлік мәселесі әлеуметтік желіде де жиі айтылып жүрген болатын. Бұл ақпарат та әлеуметтік желіде талқыланып, Шымкентке тағы да жаңа 700 автобус келетінінен хабардар тұрғындар оның саны кемігеніне наразылығын да білдіріп үлгерді. Дегенмен, қала әкімі Ерлан Айтаханов автобус саны кемуі себебін оның сапасының бұрынғыдан әлдеқайда жоғары болатынымен әлеуметтік желіде түсіндірді.

"Үлкен автобустар аламыз, газбен жүретін болады", деп пікір қалдырды ол.