Дубай қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындары өз мәресіне жетті. 45 елден 1500-ден астам спортшы қатысқан бәсекеде Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетіп, жалпы командалық есепте 6-орынға ие болды.
Сайыста еліміздің 60 пара спортшысы спорттың 9 түрінен бақ сынады: пара пауэрлифтинг, пара жеңіл атлетика, пара жүзу, пара таеквондо, пара үстел теннисі, пара садақ ату, бочча, пара қол күресі және голбол. Соның ішінде Шымкент қаласының 3 спортшысы жоғары нәтиже көрсетті.
Голбол спортынан Абыл Төлесінов пен Сырлыбек Тас Қазақстан құрамасының сапында алтын медаль жеңіп алды. Қазақстан құрамасының сапындағы шымкенттік спортшылар өз тобында бірінші орын алып, жартылай финалда Иран құрамасын 7:4 есебімен жеңсе, финалда Оңтүстік Корея командасынан 9:6 есебімен басым түсті. Айта кетейік, бұл спорт түрінен 11 елдің құрамасы қатысты.
Ал пара таеквондо сайысында шымкенттік Санжар Артықбай (80 кг) күміс жүлдегер атанды. Ол жарыс жолында Сауд Арабиясы мен Жапония спортшыларын жеңіп, финалға дейін жетті, шешуші сында Өзбекстан өкіліне жол берді. Бұл спорттан жарысқа 19 елден 92 пара спортшы қатысқан болатын.


