Бұл бастама – Тассай тұрғындары үшін тұрмысты жеңілдетіп, қаланың коммуналды инфрақұрылымын одан әрі дамытуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков апта басында Тассай шағынауданының тұрғындарымен бірге табиғи газ қосу рәсіміне қатысты. Газбен қамтамасыз ету жобасының екінші кезеңі аясында 1 700 абонентке көгілдір отын жеткізілмек.
Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында шаһар әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбектің қатысуымен өткен брифингте айтылды.
Бұған дейінгі бірінші кезеңде 800 абонент табиғи газды пайдаланып келеді. Жыл соңына дейін қалған үйлерді де коммуналды игілікке қосу жоспарланған.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындарға табиғи газды жеткізудің маңызды жаңалық екенін атап, бұл қадамның қаладағы өмір сапасын жақсарту мен инженерлік инфрақұрылымды дамытудағы маңызды іс екенін жеткізді. Сондай-ақ мердігер мекемеге құрылыс сапалы әрі уақытылы атқарылғаны үшін алғыс білдірді.
Жобаның толық жүзеге асырылуы нәтижесінде 3 345 абонентке табиғи газ қосылып, тартылған газ құбырының жалпы ұзындығы шамамен 70 шақырымға жетеді.
Бұл бастама – Тассай тұрғындары үшін тұрмысты жеңілдетіп, қаланың коммуналды инфрақұрылымын одан әрі дамытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.


