Өз саласында жетістікке жеткен бірқатар сала мамандарына қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Шымкент қаласындағы көрме орталығында Ерлан Айтахановтың қатысуымен салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Аталған іс-шараға қатысқан қала басшысы алдымен 11 этно-мәдени бірлестіктің жеке кәсіпкерлерінің көрмесімен танысып шығып, салтанатты жиын барысында құттықтау лебізін жеткізді.
«Бұл – барша қазақстандықтар үшін шын мәніндегі жалпы халықтық мерекеге айналған күн. Осы күннің Тұңғыш Президент күні ретінде таңдалып алуының өзіндік себебі бар. Осының барлығы Тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемеңгерлігінің, сарабдал саясатының жемісі. Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент бүгінде жүзден астам этнос өкілдерін бауырына басқан еліміздегі ірі мегаполистерінің бірі. Қаламыздағы 17 этно-мәдени бірлестік ел игілігіне бағытталған оңды бастамаларға қолдау көрсетіп, берекелі бірлігіміз бен ырысты ынтымағымызды еселеп келеді. Бүгінгі көрме де соның айғағы», - деді Е. Айтаханов.
Сондай-ақ, іс-шара барысында Елбасы сүйіп тыңдайтын әндер мен дәстүрлі әндер, патриоттық әндер шырқалып, "Өнер" мектебінің солистері мен хор ұжымы тамаша туындыларды орындаса, "Қазына" би ансамблі биден шашу шашты. Сонымен қатар, "Мейір" балет мектебінің бишілері "Штраус" балетін орындап, танымал эстрада әншісі Ғазизхан Шекербеков те өзінің ән қоржынындағы әндерін орындады.
Одан бөлек, салтанатты жиын барысында өз саласында жетістікке жеткен бірқатар сала мамандарына қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың арасында Нұрсұлтан Әбішұлының курстасы Аманәлі Әбдіраманов та бар.