Шымкент қаласының Тұран ауданы — мегаполистегі ең қарқынды дамып келе жатқан жаңа аудандардың бірі. Ауданның жалпы аумағы 36,3 мың гектарды құрайды. Бұл өңірде бүгінде 21 шағын аудан қалыптасып, 232 мыңнан астам тұрғын өмір сүріп жатыр. Қазіргі таңда Тұран ауданында 39 мыңнан аса жеке тұрғын үй мен 548 көпқабатты тұрғын үй бар. Сонымен қатар, 1 229 көше және 293 әлеуметтік нысан — мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер мен мәдени орталықтар орналасқан.
Бұл туралы бүгін аудан әкімі Берік Айдарұлы Әшірбеков мәлімдеді. Әкімнің айтуынша, соңғы жылдары Тұран ауданында инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.
Ауыз сумен қамту көрсеткіші қазіргі таңда 98,5 пайызға жетіп отыр. Бұл — ауданның негізгі инженерлік қажеттіліктерінің бірі. 2026 жылға қарай бұл мәселе толығымен шешімін тауып, барлық тұрғын үйлер мен нысандар орталықтандырылған таза ауыз су жүйесіне қосылатын болады.
Электр энергиясымен қамту бойынша да оң динамика байқалады. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының 95 пайыздан астамы сапалы электр желісіне қосылған. Жыл соңына дейін қалған үйлер мен жаңа салынған шағынаудандарға да электр желісі тартылып, қамту деңгейі 100 пайызға жеткізіледі деп жоспарлануда.
Табиғи газбен қамту да тұрақты түрде кеңейіп келеді. Бүгінде аудан халқының 85,7 пайызы табиғи газ жүйесіне қосылған. Алдағы екі жыл ішінде бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу мақсат етілген. Бұл бағытта жаңа газ құбырларын тарту, редукторлы станцияларды салу және ішкі желілерді жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Кәріз жүйесіне қосу — ауданның маңызды әлеуметтік-экологиялық мәселелерінің бірі болып қала береді. Қазіргі уақытта Тұран ауданындағы кәріз жүйесіне қосылу деңгейі 57 пайызды құрайды. 2025 жылы Түркістан шағынауданында және Қазыбек би көшесінде кәріз жүйесінің құрылысы белсенді түрде жүріп жатыр. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін қамту көрсеткіші 60 пайыздан асып, аудан тұрғындарының тұрмыстық жағдайы едәуір жақсарады деп күтілуде.
Әкімнің айтуынша, бұл жұмыстардың барлығы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Тұран ауданының инфрақұрылымдық дамуы Шымкент қаласының жалпы әлеуметтік-экономикалық өсіміне айтарлықтай үлес қосуда.
Жалпы, соңғы жылдары ауданда жолдарды жөндеу, жарықтандыру, жасыл аймақтар мен демалыс орындарын көбейту, әлеуметтік нысандардың санын арттыру сияқты жұмыстар да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осылайша, Тұран ауданы болашақта Шымкенттің ең заманауи әрі жайлы тұрғын аймақтарының біріне айналмақ.