ШЫМКЕНТ: тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптасуда

0
80

Көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл 5 жерге гүлзар салу қолға алынып, бірнеше нысан пайдалануға берілді.


ШЫМКЕНТ: тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптасуда

Шымкент қаласы Тұран ауданында абаттандыру жұмыстары — аудан дамуының негізгі басым бағыттарының бірі болып саналады. Бұл туралы бүгін Тұран ауданының әкімі Берік Айдарұлы Әшірбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, аудан аумағында тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне және балалардың белсенді демалысына жағдай жасау мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда Тұран ауданында 383 балалар ойын алаңы мен 99 спорт алаңы бар. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Биылғы жылы қосымша 32 жаңа жобаны жүзеге асыру жоспарланған, оның ішінде 19 балалар ойын алаңы мен 13 кешенді спорт және демалыс алаңы бар. Қазіргі уақытта 6 жаңа нысан толық аяқталып, тұрғындардың игілігіне берілді.

Сонымен қатар, көгалдандыру мен көріктендіру жұмыстарына да ерекше мән берілуде. Аудан аумағын жасыл желекке бөлеу — экологиялық тепе-теңдікті сақтау мен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырудағы маңызды қадам. 2025 жылы 5 жаңа гүлзар салу жобасы қолға алынып, оның бірнешеуі қазірдің өзінде пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Арғынбеков пен Бәйтереков көшелерінің қиылысы, сондай-ақ Гагарин көшесіндегі бірқатар аулалар абаттандырылып, жарық шамдары мен демалыс орындықтары орнатылды.

Тұран ауданында көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы келбетін жаңарту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар қала эстетикасын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға да ықпал етеді. Биылғы жылы 20 көпқабатты үйдің қасбеті жарықтандырылып, жалпы жарықтандырылған үйлердің саны 49-ға жетті. Бұдан бөлек, ауданның сәулеттік бейнесін айқындайтын заманауи муралдар салу ісі де жолға қойылған. Бүгінгі таңда 9 үйдің қабырғасына тақырыптық муралдар салынды.

Берік Айдарұлы атап өткендей, бұл жұмыстардың барлығы тұрғындармен кері байланыс негізінде және «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүзеге асуда. Әрбір шағынауданда балалар мен жастарға арналған ойын және спорт алаңдарын көбейту, көше көрінісін жақсарту және тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру — аудан әкімдігінің басты мақсаты болып табылады.

Осылайша, Тұран ауданының абаттандыру саласындағы жүйелі жұмыстарының нәтижесінде Шымкент қаласының жаңа, заманауи әрі жайлы аймақтарының біріне айналып келеді.

Бөлісу