Басқосуда ұстаздар Президент Жолдауында айқындалған білім сапасын арттыру, мұғалімдердің кәсіби дамуын жетілдіру, оқушының тұлғалық қабілетін жан-жақты қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Шымкенттегі №140 жалпы орта білім беретін мектепте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған негізгі бағыттарды түсіндіру және оны білім беру саласында кеңінен насихаттау мақсатында жиын өтті.
Іс-шараға Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты білім беру ұйымдарынан 100-ге жуық педагог қатысты.
Басқосуда ұстаздар Президент Жолдауында айқындалған білім сапасын арттыру, мұғалімдердің кәсіби дамуын жетілдіру, оқушының тұлғалық қабілетін жан-жақты қалыптастыру мәселелерін талқылады.
«Педагог - ұлттың болашағын қалыптастыратын тұлға. Біз жаңашылдыққа бейімделіп, ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, заманауи біліммен қаруланған саналы ұрпақ тәрбиелеуге күш салуымыз қажет. Бұл басқосу - бір күндік шара емес, алдағы жұмыстарға серпін беретін жаңа қадам», - деді Шымкент қаласы білім басқармасы Әдістемелік орталығының әдіскері Жарқынай Арысбаева.
Жиында «Мектеп инфрақұрылымын дамыту -– сапалы білімнің кепілі» тақырыбы кеңінен талқыланып, педагогтер тәжірибе алмасып, өзекті мәселелер бойынша пікір білдірді. Қорқыт ата атындағы №22 жалпы орта білім беретін мектептің жас маманы Жалғасбек Тәліпбай семинардың маңыздылығын атап өтті:
«Бұл жиында біз ІТ саласындағы цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, мектепті басқарудың жаңа үлгілері жөнінде мол ақпарат алдық. Осындай іс-шаралар мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеріп, жаңа идеяларға жол ашады», - дейді ол.
Осындай шаралар ұстаздардың біліктілігін арттырып қана қоймай, білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне ықпал етпек. Алдағы уақытта Шымкент қаласы білім басқармасы тарапынан педагогтерді кәсіби қолдау мақсатында «Кәсіби диалог», «Зерттеуші мектеп», «Педагогикалық дуэт», «Менторлық мектеп» атты жобалар аясында жоспарлы іс-шаралар жалғасын табатын болады.


