ШЫМКЕНТ: жол қауіпсіздігі және қозғалыс ыңғайлылығын арттыру бойынша жаңа шаралар қолға алынды

0
131

Қала әкімдігі тұрғындар мен қонақтарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға, уақытша шектеулерге түсіністікпен қарап, жол қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады.


ШЫМКЕНТ: жол қауіпсіздігі және қозғалыс ыңғайлылығын арттыру бойынша жаңа шаралар қолға алынды

Шымкент қаласында көлік кептелістерін азайту, жол қозғалысын тиімді реттеу және жол қауіпсіздігін арттыру бағытындағы кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Қала әкімдігі стратегиялық маңызы бар қиылыстардағы бағдаршам нұсқауларына өзгерістер енгізіп, сонымен бірге бірқатар көшелерде жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша шектеулер енгізді.

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте шаһар әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек толық ақпарат берді.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, кептеліс жиі болатын және көлік ағыны жоғары бірқатар көшенің қиылыстарындағы бағдаршамдарға өзгерістер енгізілді. Бұл шаралар негізгі ағындарды жылдамдатуға және қиылыстардың өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді:

  • Темірлан тасжолы – Мангельдин көшесінің қиылысы;
  • Темірлан тасжолы – Қожанов көшесінің қиылысы;
  • Т.Рысқұлов – Б.Момышұлы көшесінің қиылысы.

Аталған қиылыстардағы бағдаршамдағы қосымша секциялар жасыл түсті «(+)» (плюс) белгісі бар бағдаршамдарға ауыстырылды. Бұл өзгерістер көлік қозғалысын тиімді реттеп, қиылыстардағы кептелісті азайтуға және жүргізушілер үшін қозғалысты жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Қаладағы жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына байланысты кейбір маңызды көшелерде көлік қозғалысы уақытша шектеледі:

  1. А-2 Тасжолы: 2025 жылғы 12 қарашадан бастап 22 қарашаға дейін А-2 тасжолының бір бөлігі – Бозарық айналмасынан Тұран шағынауданындағы Қожаберген жырау көшесіне дейінгі аралық жабылады. Жүргізушілерге осы аралықта ыңғайсыздық туындамас үшін жол бағытын алдын ала жоспарлау ұсынылады.
  2. Ю.Сареми және Жаңақұрылыс көшелері: Бұл көшелерде де жөндеу жұмыстары басталып, 11 қарашадан бастап 1 аптаға дейін көлік қозғалысы кезең-кезеңімен шектеледі.

Қала әкімдігі тек көлік қозғалысын ғана емес, сонымен бірге жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де басымдық беруде. Осы мақсатта:

  • Қазыбек би және Адырбеков көшелеріндегі жаяу жүргіншілер өткелдеріне;
  • Желтоқсан мен Қабанбай батыр көшелерінің бөлу жолағына;
  • Жарық шағылыстырғыш (катафот) элементтері орнатылды.

Бұл элементтер қараңғы уақытта жол бойындағы қауіпті аймақтарды жақсы көрсетіп, ЖКО санын азайтуға көмектеседі. Қала бойынша бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын табады.

Қала әкімдігі тұрғындар мен қала қонақтарын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, уақытша шектеулерге түсіністікпен қарауға және жол қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады. Жүргізушілерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтарды айналып өту үшін балама маршруттарды пайдалану ұсынылады.

Бөлісу