ШЫМКЕНТ: жолдар, жарық және абаттандыру – басты назарда

0
83

Қаратау ауданында атқарылып жатқан кешенді жұмыстардың барлығы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, қалалық инфрақұрылымды заманауи деңгейге жеткізуге бағытталған.


ШЫМКЕНТ: жолдар, жарық және абаттандыру – басты назарда

Шымкент қаласының Қаратау ауданы — соңғы жылдары серпінді дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Мұнда инженерлік және көлік инфрақұрылымын жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аудан аумағында жалпы ұзындығы 753 шақырымды құрайтын 896 көше бар. Бұл — Шымкент қаласының ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан аумақтарының бірі екенін көрсетеді.

2025 жылы аталған көшелердің 107-сіне (82,7 шақырым) асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп, барлығы толық аяқталды. Нәтижесінде аудан тұрғындарының қозғалыс ыңғайлылығы артып, көлік қатынасы айтарлықтай жақсарды. Сонымен қатар, қалалық маңызы бар негізгі көлік бағыттарының бірі — Алматы айналма жолы мен Ю. Сареми көшесінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар жүзеге асқан соң, қаладағы жүк және жеңіл көліктер қозғалысы реттеліп, жол қауіпсіздігі де едәуір жақсарады деп күтілуде.

Жаяу жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастыру да — аудан әкімдігі назарындағы маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта ұзындығы 31,5 шақырымды құрайтын жаңа аяқжолдар салу көзделген. Қазіргі таңда оның 13,5 шақырымы пайдалануға беріліп, тұрғындарға және оқушылар мен қарт адамдарға ыңғайлы қозғалыс мүмкіндігі жасалды. Ал қалған бөліктерінде құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатыр.

Су басу қаупін азайту мақсатында ирригациялық жүйелерді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Аудандағы 16 орынға су ағызу желілерін салу көзделген. Қазіргі таңда олардың 13-інде құрылыс жұмыстары толық аяқталып, қалған үш нысанда монтаждау және соңғы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар жауын-шашын кезінде көшелерді су басу жағдайларын болдырмауға мүмкіндік береді.

Көшелерді жарықтандыру саласында да айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Қазіргі таңда 896 көшенің 545-і жарықтандырылған. Биыл қосымша 351 көшеге жарық шамдарын орнату жоспарланған. Оның ішінде 265 көшедегі жұмыстар толық аяқталды, ал қалған бөлігінде орнату жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.

Қаратау ауданында атқарылып жатқан бұл кешенді жобалар — тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, қауіпсіз әрі жайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған. Жолдар мен инженерлік инфрақұрылымның дамуы ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, Шымкенттің заманауи мегаполис ретіндегі келбетін нығайтуға зор үлес қосуда.

Бөлісу