Жәрмеңке аясында 100-ге жуық тұрғын жұмыс берушілермен кездесіп, кеңес алды.
Шымкент қаласында Еңбек мобильділігі орталығы мен “AMANAT” партиясының қалалық филиалының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге қала тұрғындары, пробация қызметінің есебінде тұрғандар, мүгедектігі бар азаматтар және жұмыс іздеп жүрген жастар қатысты.
Іс-шараға 25 жұмыс беруші мекеме қатысып, тұрғындарға түрлі бағыттағы тұрақты және уақытша жұмыс орындарын ұсынды.
Қалалық партияның атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов жәрмеңкені аралап, жұмыс берушілер ұсынып отырған бос орындармен танысты.
Жалпы, жәрмеңкеде тұрақты жұмыс орындары бойынша 280 мекеме 726 мамандық аясында 1537 бос орынды таныстырды.
Сонымен қатар жастарды қолдауға арналған «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 635 мекеме 1007 түрлі мамандық бойынша 1820 орын ұсынды.
«Күміс жас» жобасы аясында еңбекке қабілетті зейнет жасындағы азаматтарға да мүмкіндік берілді. Бұл бағытта 272 мекеме қатысып, 332 мамандық бойынша 555 бос орын ұсынылды.
Ал жастардың еңбек жолын бастауына арналған «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 230 мекеме 324 мамандыққа сәйкес 597 орын ұсынды.
Жәрмеңке аясында 100-ге жуық тұрғын жұмыс берушілермен кездесіп, кеңес алды. Оның ішінде 15-і мүгедектігі бар азаматтар, 22-сі пробация қызметінің есебінде тұрғандар. Нәтижесінде 24 тұрғын тұрақты жұмысқа жолдама алды.