Қаладағы магистралды 7 көшеде диаметрі 400-1000 мм аралығында 1 263 метр жылу құбырына диагностика жүргізілді.
Шымкент қаласында тұрғындарды сапалы және үздіксіз жылумен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Қаладағы жылу желілерінің тозу деңгейін төмендету және апаттылықты азайту үшін құбырішілік диагностика технологиясы енгізілді. Бұл әдіс құбырлардың ішкі қабырғасын жоғары дәлдікпен сканерлеп, ақауларды анықтауға мүмкіндік береді. Аталған технология Қазақстанда алғаш рет Шымкент қаласында пилоттық жоба ретінде сынақтан өткізілді.
Қаладағы магистралды 7 көшеде диаметрі 400-1000 мм аралығында 1 263 метр жылу құбырына диагностика жүргізілді. Нәтижесінде құбырлардың техникалық жай-күйі қанағаттанарлық деп танылып, қауіпті учаскелер бойынша нақты ұсыныстар дайындалды.
Бұл заманауи тәсіл жөндеу шығындарын 20–75%-ға дейін қысқартуға және апат тәуекелін едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жасанды интеллект технологиясы деректерді өңдеу кезінде қолданылып, талдау дәлдігін 15%-ға арттырды. Қала билігі жаңа технологияларды қолдану арқылы тұрғындарды жылумен сапалы қамтамасыз ету және инфрақұрылым қауіпсіздігін күшейту бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда.


