Жыртқыш жануар 3 жаста, лақап аты – Талица.
фото: ашық дереккөзден
Шымкент зообағына Ресейдегі Пермь зообағынан барыс әкелінді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Барыс - биік тауда мекендейтін ерекше сымбатты жыртқыш аң. Ол өте айлакер, күшті әрі шапшаң. Азығын биік тасты жерден, кейде құз арасынан аңдып отырып, 15 метрге дейінгі биіктіктен секіріп, аса ептілікпен ұстай алады.
Барыстың дене тұрқы 120-150 см-ге, құйрығының ұзындығы 90 см-ге дейін жетеді, салмағы 23-43 келіге дейін жетеді. Бір қызығы - осындай ірі тұлғалы жыртқыш адамға шабуыл жасамайды. Мысықша мияулап, қатты үн шығара, құлақтарын жымқыра ырылдағаны болмаса, залалы жоқ.
Таудағы барыстың тұрақты жатағы болмайды. Тек күшіктеген уақытта ғана тау үңгірлерін уақытша мекендейді.
Аталықтар аналықтардан әлдеқайда ірі болады. Барыс 3-4 жасынан бастап көбейе бастайды. Төлінің саны 1-ден 5-ке дейін жетеді. Барыстың табиғатта өмір сүру ұзақтығы – 13 жыл. Барыстың саны күрт азайып кетуіне байланысты корғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген.
Барыс Шымкент зообағына 2018 жылдың желтоқсан айында Ресейдегі Пермь зообағынан әкелінді. Ол 3 жаста, лақап аты – Талица. Жануарды “Жыртқыш аңдар” бөлімінен тамашалуға болады.