Шымкентке Бакуден делегация келді

0
76

Қонақтарға Шымкент қаласының көрікті жерлері, тарихи және демалыс нысандары таныстырылады.


Шымкентке Бакуден делегация келді

Шымкент қаласының туристік әлеуетін таныстыру, өңірдің мәдени және тарихи нысандарын кеңінен насихаттау әрі халықаралық деңгейде ілгерілету мақсатында Әзербайжаннан бір топ делегация келді.

Шымкент – Баку арасындағы алғашқы рейстің құрметіне орай әуежайда салтанатты қарсы алу іс-шарасы өтті. Делегация құрамында туристік операторлар, БАҚ өкілдері мен блогерлер бар.

Қонақтарды қарсы алу рәсімінде «Скат» әуекомпаниясының президенті Владимир Денисов жаңа рейстің мүмкіндігі мол екенін, екі қала арасындағы туристік байланысты дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.
Алғашқы рейспен келген туристік операторлар, БАҚ өкілдері мен блогерлер үшін Шымкент қаласы мен Түркістан облысына арналған 4 күндік туристік бағдарлама ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында қонақтарға Шымкент қаласының көрікті жерлері, тарихи және демалыс нысандары таныстырылады.
Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы Туризмді дамыту бөлімінің басшысы Азамат Нұрымбетовтің айтуынша, жаңа рейс туристер легін арттыру мақсатында ашылған. Осыған байланысты туристік компаниялардың саны да артып келеді. Басты мақсат – екі ел арасындағы туристер санын көбейту.
Қазіргі таңда шаһардан 14 елдің 21 қаласына тұрақты әуе рейстері қатынайды.
Айта кетейік, бүгін Rixos Khadisha Shymkent қонақүйінде туристік операторлар мен туристік индустрия өкілдерінің кездесуі өтеді. Іс-шара аясында өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар меморандумға қол қойылады.
Бөлісу