Шымкенттің әкімі жол ақысын көтеруден бас тартты . "Ол жайлы сөз болуы мүмкін емес",- деп кесіп айтты ол.
иллюстрациялық фото: ERNUR.KZ
Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қоғамдық көліктерде жүру ақысын көтеруден бас тартты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Бүгінде Шымкент қаласында 27 жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын компания 80 бағытта шаһар тұрғындарына қызмет көрсетіп отыр. Бір күнде шымшаһарда шамамен 1200 автобус шымкенттіктерге қызмет көрсетеді екен. Бұл жөнінде Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басысы Қуатжан Жұматаев хабарлады.
"Бүгінде біздің қалада жолақы тарифі - 70 теңге. Бұл баға 2016 жылы 1-мамырда бекітілген болатын. Біздегі баға еліміздің өзге қалаларымен салыстырғанда арзан, Астана, Өскемен, Қызылорда қалаларында 90 теңге. Алматы, Қарағанды, Атырау, Қостанай, Орал, Ақтөбе, Павлодар, Семей қалаларында - 80 теңге. Тараз қаласында 65 теңгені құрап отыр. Ал, біздегі тасмалдаушы компаниялардың есебі бойынша, бір адамды діттеген жеріне жеткізу құны 180-190 теңгеге жетіп отыр. Оның бірнеше себебі бар. Қосалқы бөлшектер 2016 жылмен салыстырғанда 20-30 пайызға өсіп отыр. Жанармай болса 186 теңгеге жетті. 2016 жылы дизель 92 теңге болған. Яғни, 100 есеге өскен", - дейді басқарма басшысы.
Десе де, тасмалдаушы компаниялар ұсынған шығын көлемі, әкімдік қызметкерлерінің зерттеу қортындысымен сай болмай шықты. Жауапты басқрамадағылар бүгінде 1 азаматты тасымалдау компанияларға 180-190 емес, 150-160 теңгеге шығын әкеледі деп қортынды шығарған. Бұл мәселені қалалықтардың қалтасына салмақ салмай шешуге болатын көрінеді. Жуырда қабылданған заңға сәйкес, Шымкент қаласы әкімдігі жолаушы тасмалдаушы компаниялардың біраз шығынын субсидия беру арқылы өтей алады екен. Қуатжан Әзімбайұлының айтуынша, ол үшін тасымал қызметімен айналысатындар өздерінің шығыны мен табысын нақты көрсетуі тиіс.
Өз кезегінде қала басшысы қоғамдық көліктердегі тасымал құнын көтеруден бірден бас тартты. "Ол жайлы сөз болуы мүмкін емес",- деп кесіп айтты ол.
Осы орайда Ғабидолла Әбдірахымов қоғамдық көлікте қатынау құнын шымкенттіктер мен қала қонақтарына екі түрлі бағада бекітуді ұсынады. Қазір әкімінің тапсырмасы бойынша "Шымкент" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы қала тұрғынының картасын жасап жатыр. Шаһар тұрғындары сол карта арқылы Шымкенттегі коммуналдық қызмет, автотұрақ секілді өзге де қызмет түрлеріне төлем жасай алатын болады. Мысал ретінде айтар болсақ, қолында картасы бар шымшаһарлық автобуста жолақысына 70 теңге төлер болса, қалаға келген қонақ 150 теңге төлейтін болады.
"Менімше бұл әділетті! Біз бірінші кезекте қала тұрғындарына жағдай жасауымыз керек. Әкімдік шымкенттіктерге лайықты, ыңғайлы жағдай жасауға тиіспіз", - дейді қала әкімі.