Сержанттардың дайындық деңгейі бағаланады.
Шымкент қаласындағы 10216 әскери бөлімінде Әуе қорғанысы күштеріне қарасты әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің рота, батальон санатындағы сержанттар құрамымен командирлік даярлық жиыны өтуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Сержанттардың әдістемелік және тәжірибелік дағдыларын жетілдіру арқылы жеке құраммен жұмыс барысында жауынгерлік даярлық сабақтарын жүргізуге үйрету, сондай-ақ кәсіби даярлық пен іс-жүзіндегі дағдыларды жетілдіру мақсатында бағытталған жиын екі аптаға жоспарланып өтуде.
Бекітілген оқыту жоспарына және арнайы бағдарлама талаптарына сәйкес жиын барысында сержанттармен саптық, атыс, медициналық, дене шынықтыру және тактикалық даярлық, әскери топография, жеке құраммен моральдық-психологиялық жұмыс, көшбасшылық сапаны дамыту сияқты оқыту пәндері, сондай-ақ әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша сабақтар өткізілуде.
Жиынды сапалы өткізу мақсатында үздік деп танылған сабақ жетекшілері мен нұсқаушылары тағайындалған. Сонымен қатар, теориялық сабақтарды оқуға арналған сыныптар толық оқу материалдық базаларымен қамтылған. Ал, практикалық сабақтарды өткізу үшін арнайы тактикалық алаңдар, оқу-жаттығу тренажерлері мен атыс алаңдары толығымен жабдықталған.
- Сержанттар – кез келген бөлімшенің негізі. Олар жеке құраммен тікелей жұмыс істейді. Жеке құрамның жауынгерлік міндеттерін дұрыс орындауы сержанттардың қабілеттілігіне байланысты. Сондықтан, жиын өткізудегі басты міндетіміз – әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері үшін білікті кіші командирлер мен мамандарды даярлау, - дейді әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің сержанты штаб сержант Рустам Мусамбаев.
Айта кетсек, жиында 100-ге жуық сержанттар командирлік даярлықтан өтуде. Жиын барысында олар, бір-бірімен тәжірибе алмасып, жауынгерлік дайындық пен бөлімнің күнделікті қызметін ұйымдастырудағы әдіс-тәсілдерімен бөлісетін болады.
Жиын соңында оқу пәндерінен сынақтарды тапсыру қорытындысы бойынша сержанттардың дайындық деңгейі бағаланады. Сондай-ақ, үлгерімі бойынша рейтинг шығарылып, жоғары нәтиже көрсеткен әскери қызметшілер құрмет грамоталарымен марапатталады.