Қала әкімінің қатысуымен ашылған мектепте 897 оқушы білім алатын болады.
Шымкент қаласы "Тұран" шағынауданындағы №79 жалпы орта мектебі пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Заман талабына сай жабдықталып, балалардың толыққанды білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасайтын 1200 орындық оқу орны 3 қабаттан тұрады. Екі ауысымда жұмыс жүргізетін мектепте 44 оқу бөлмелері қарастырылған. Бұдан басқа жаңа үлгідегі 8 мультимедиялы-лингофонды кабинет, 3 информатика кабинеті, ол 85 дана компьютер және 3 интерактивті тақтамен жабдықталған. Сондай-ақ, 4 шеберхана бөлмесі, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған спорт зал мен балалардың денсаулығын қадағалайтын екі медпункт қарастырылған.
Қала әкімі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектептер бейне бақылау жүйесімен жабдықталып, турникеттер қойылып, дабыл батырмалары орнатылғанын, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келетінін айтты. Сонымен бірге, жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 263 кабинет, 178 интерактивті тақта орнату жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтылған пән кабинеттер үлесі 32,5%-дан 65%-ға жетті. Бұл жұмыстар жалғасын табатын болады.
Айта кетейік, пандемияға байланысты білім табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін ғана мектеп ауласында алғашқы қоңырау салтанатты жиыны өтті. Қалған сынып оқушыларына санитарлық талаптарды сақтай отырып, сынып сағаты ұйымдастырылды.